Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотында айыпталушылар прокурорды істен шеттетуді сұрады. Судья өтінішті орындамады. Қорғау тарабының судьяны ауыстыру туралы үшінші өтініші де қанағаттандырылмады.
Жергілікті құқық қорғаушылар "саяси іс" деп атаған процесте айыпталушылардың прокурорды ауыстыру туралы өтініш беруіне бір күн бұрынғы оқиға түрткі болған. Кеше, 22 қыркүйек күнгі отырыста прокурор “Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешімін іске тіркеуді бірнеше рет талап еткен айыпталушыларға прокурор "бұлтартпау шарасын өзгертуге талап-тілек түсіремін" деп ескерткен. Прокурор оларды "істі әдейі созуға тырысып отыр" деп те айыптаған еді. Бұған айыпталушылар наразы болған.
23 қыркүйекте судья Ернар Қасымбеков істі қарауды сотқа қатысушыларға "сөзін бөлмеуді" ескертумен бастады. Іс құжаттарын оқи бастағанда айыпталушы Гүлзипа Жаукерова өтініші барын айтты.
- Прокурор өткен сот отырысында өз құқығымды қорғау мақсатында “Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы Есіл аудандық сотының шешімін іске тіркеуді талап еткенім үшін бұлтартпау шарасын өзгертемін деп қысым жасады. Сондықтан прокурорға қарсылық білдіремін, - деді Жаукерова.
Жаукерованың сөзін бірнеше айыпталушы мен адвокат қолдады.
Бірақ судья Қасымбеков кеңесу бөлмесінен шыққан соң Жаукерованың талап-тілегін қанағаттандырмады. Ол өз шешімін "прокурор айыпталушылардың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш білдірген жоқ, тек ескертті" деп түсіндірді.
Соңғы бірнеше сот отырысында айыпталушылар жаппай “Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешімін іске тіркеуді соттан талап еткен. Дәл осы сот шешімдерге байланысты белсенділердің әрекеті заңсыз деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.
Бірақ судья айыпталушылардың өтінішін орындамаған. Іске қатысып отырған екі прокурор да "бұл шешім туралы БАҚ-та хабарлама тарағанын" айтумен шектелген.
Ал белсенділер "сот шешімі жоқ болса, іс қысқаруы тиіс" деп кейбірі сот отырысына қатысудан да бас тартқан. Сот істі қарауды тоқтатуға мәжбүр болған.
23 қыркүйекте айыпталушылар мен қорғаушылар істі әділ тергеу үшін дәлел ретінде тіркелген видеодискілерді көру, сарапшылардан жауап алу, телефон қоңырауларынан жазылған стенограммаларды мұқият талдау, сақтау камерасында жатқан үнпарақтар мен жейделерді алдыру туралы талап-тілектер түсірді. Прокурор өтініштерге қарсылық білдірді. Ол бұл туралы судья бірнеше сағатта оқып бітірген 78 томдық іс-құжаттарында жазылғанын айтты.
Судья іс бойынша дәлел-айғақтарды прокурор ұсынатынын алға тартып, талап-тілекті қанағаттандырмады. Осы кезде адвокат Жанар Балғабаева айыпталушылардың қорғану құқығы бұзылғанын айтып, судья Қасымбековке қарсылық білдірді. Айыпталушы тарап қорғаушыны қолдады. Бірақ түстен кейін бұл талап-тілекті судья Арапбаев қанағаттандырудан бас тартты. Бұл – істі жүргізіп жатқан судья Қасымбековке айыпталушы тараптың білдірген үшінші қарсылығы. Үшеуі де орындалмады.
13 белсендінің соты 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың тоғызы "тыйым салынған ұйымның ісін ұйымдастырды және ісіне араласты", төртеуі "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілінген.
13 белсендінің барлығы - қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.
2020 жылы Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.
Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.
"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ.
Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.
ПІКІРЛЕР