Accessibility links

АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын егу науқаны басталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-та миллиондаған адамға коронавирусқа қарсы Pfizer/BioNTech вакцинасының үшінші дозасы ұсыныла бастады. Олардың басым бөлігі – қарттар мен қауіпті ауруға шалдыққандар. Осы аптада денсаулық сақтау органдары ревакциналауды мақұлдаған.

24 қыркүйекте президент Джо Байден қосымша екпе алуға құқығы бар азаматтарды осы мүмкіндікті пайдалануға үндеді. Ол өзіне де мүмкіндігінше тез "бустер салғызатынын" айтты. Ақ үйде сөйлеген Байден елде 60 млн адамның қосымша вакцина салғызуға құқығы бар екенін жеткізді.

Қосымша вакцинаны екпенің екінші дозасын кемінде алты ай бұрын салғызған адамдар салдыра алады. Қазір елде осындай шамамен 20 млн адам бар. Аурудың алдын алу және қадағалау орталығы (CDC) 23 қыркүйекте 65 жас пен одан асқандарға, қарттар үйінде тұратындарға, медицина қызметкерлеріне және денсаулығында кінәраты бар 50-64 жас аралығындағы азаматтарға Pfizer бустерін қабылдауға рұқсат берген.

Бірнеше апта бұрын Азық-түлік өнімдері және дәрі-дәрмектің сапасын бақылау жөніндегі басқарманың (FDA) тәуелсіз консультативтік тобы Pfizer/BioNTech екпесінің үшінші дозасын тек белгілі бір топқа салуды мақұлдаған, бірақ оны 16 жастан асқандардың барлығына салуды құптамаған.

АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинаның үш түрі қолданылып жатыр. Қазір реттеуші органдар Moderna мен Johnson & Johnson екпесінің бустерлерін мақұлдау мәселесін қарастырып жатыр. Шамамен 182 млн азамат немесе халықтың 55 пайызы вакцинаның толық дозасын алған. Жасөспірімдер арасында бірінші дозаны төрттен үш бөлігі алған.

Коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігі уақыт өте келе әлсірейді деген болжам күшейген шақта халыққа қосымша екпе ұсынылып отыр. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, вакцина вирустан қорғауға көмектеседі. Олардың сөзінше, коронавирус жұқтырып, ауруды асқындырып алған немесе қайтыс болған науқастардың басым бөлігі – екпе алмағандар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG