27 қыркүйекте Қапшағай қалалық соты "терроризмді насихаттады" деген айыппен сотталған белсенді Кенжебек Әбішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін үшінші мәрте қанағаттандырды. Бұл туралы құқық қорғаушы Бахытжан Төреғожина мәлімдеді.
Құқық қорғаушының айтуынша, егер прокуратура қарсылық танытпаса, сот шешімі 15 күннен соң күшіне енеді.
Құқық қорғаушының бұл хабарын Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Самат Авганов растады.
"ЛА-155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы Әбішев жазасының қалған бөлігін – 2 жыл 4 ай 20 күнді жазаның жеңіл түріне ауыстыруды сұраған арыз түсірді. 2021 жылғы 27 қыркүйекте Қапшағай қалалық сотының қаулысымен қылмыстық кодекстің 73-бабына сай, Әбішевтің арызы қанағаттандырылды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ" делінген соттың баспасөз мәлімдемесінде.
Кенжебек Әбішевтің осыған ұқсас өтініштерін сот 1 ақпанда және 29 сәуірде екі рет қанағаттандырған. Бірақ екеуінде де прокуратура сот шешіміне шағым түсіріп, құжаттың күшін жойдырған.
Алматы облыстық соты Кенжебек Әбішев 2018 жылғы 21 желтоқсанда "терроризмді насихаттады" деген айыппен жеті жылға соттаған еді. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
2020 жылғы 13 наурызда Қапшағай қалалық соты Алматы облысының Заречный кентіндегі жалпы режимдегі колонияда (ЛА-155/14 орташа қауіпсіздік мекемесі) қамауда отырған белсенді Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімін азайтқан болатын.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді.
ПІКІРЛЕР