Accessibility links

Солтүстік Қазақстанда құс тұмауы тіркелді


Қазақстан картасындағы Солтүстік Қазақстан облысы.
Қазақстан картасындағы Солтүстік Қазақстан облысы.

21-26 қыркүйек аралығында Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Лебяжье ауылындағы жеті қожалықта барлығы мыңнан аса құс тұмаудан қырылған. Бұл туралы Азаттықтың меншікті тілшісі хабарлады.

Қырылған құстың 130-ы тауық, 290-ға жуығы қаз, 582-сі үйрек болған. Осыдан кейін Лебяжье ауылында карантин шаралары қабылданған. Енді ауыл тұрғындар карантин аяқталғанша, құстарын сата алмайды, етке өткізе алмайды.

– Нұрсұлтан қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтан келген сынақ хаттамасына сәйкес, құс тұмауының диагнозі расталды. Зерттеу жүргізілді. Үй құстарының тұмауды суда жүзетін жабайы құстардан жұқтырып алғаны анықталды, – деді облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Нариман Тасболатов.

Тасболатовтың сөзінше, көрші ауылдарда да зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, әзірге ол жақта құстар арасында тұмау тіркелмеген.

Биыл құс тұмауымен күрес аясында облысқа республикалық қордан 1 миллион 242 мың 200 доза вакцина бөлінген. Тұмау анықталған ауылда 1584 құсқа вакцина салынған. Құс тұмауы Солтүстік Қазақстан облысынан былтыр да анықталған. Ол кезде аурудан 1,5 миллион құс қырылып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG