Accessibility links

Қаржылық мониторинг агенттігі Біртанов ісіне түсініктеме берді


Денсаулық сақтау министрлігі. Көрнекі сурет.
Денсаулық сақтау министрлігі. Көрнекі сурет.

Қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қозғалған қылмыстық іс бойынша түсініктеме берді.

Экс-министр Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын жарамсыз болса да қабылдап, "іске қосқаны үшін" айыпталған. Біртанов тағылған айыптарды мойындамайды.

28 қыркүйек күнгі хабарламасында қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) БАҚ өкілдерінен іс жөнінде сауалдар түсіп жатқанын айтып, бірақ "Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын хабарлаймыз" деп жазған.

Ведомство "тергеу деректерін ашуға жол бермеу туралы талап тек тергеу органдарына ғана емес, сонымен бірге қорғау тарапына да қатысты" деп ескерткен.

Хабарламада агенттік Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің "жарамсыз платформаны қабылдап, мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп күдікке ілінгенін" еске салады.

"Платформа денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді жедел шешу үшін науқастар, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық ақпаратты біріктіруі тиіс еді. Платформа ешқашан жұмыс істемеген және оны медициналық мекемелер пайдаланбайды, бұл жиналған дәлелдермен расталады" делінген хабарламада.

Агенттіктің хабарлауынша, прокурор алдағы уақытта айыпталушыларды сотқа беру мәселесін қарастырмақ.

Бір күн бұрын бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ағасы Ержан Біртанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, "заңсыздықты тоқтатуға" шақырған. Ол президентке жолдаған үндеуінде бауырына тағылған айып жалған тұжырымдарға негізделгенін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Қорғау тарабының айтуынша, "ақпараттық технология саласында жетекші орынға ие ірі компания әзірлеген платформа" жұмыс істеп тұр және оны енгізу процесі әлі толық аяқталмаған.

50 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Оның орынбасары болған Олжас Әбішев былтыр тамыздың басында қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG