ШАРИҒАТ ДЕГЕН НЕ?
Көп ғалым Батыс басылымдарының шариғатты "ислам заңы" деп оған өте тар мағына беретінін айтып қынжылады.
– Шариғат жеке адамның әрекеті турасында көптеген елдің құқықтық жүйесінде жоқ мәселелерді қамтиды, – дейді Джордж Вашингтон университетінің саясаттану профессоры Натан Браун. – Жалпылау бірақ дұрысырақ анықтамасын ұсынар болсам, [шариғат] – "істі атқарудың ислам жолы" деуге болады.
"Талибанның" исламдағы өте қатаң түсіндірмені ұстануы 19-ғасырдағы Деобанди қозғалысынан бастау алады. Қозғалыс сол кезде Ұлыбритания колониясы саналған Үндістанда пайда болған. Бүгінде ол – сунниттік ханафи мәзһабын ұстанатын Пәкістан мен Ауғанстанда танымал бағыт.
Кабулдағы Америка университетінде заң профессоры болған, қазір эмиграцияда жүрген Харун Рахими "Талибанның" шариғатына Ауғанстан мен Пәкістандағы жергілікті дәстүрдің ықпал еткенін айтады.
– "Талибан" жергілікті ру-тайпалық динамиканы жақсы түсінді және оған қарсы шықпай, соған қарай бейімделе білді, – дейді Рахими Азаттыққа. – Яғни "Талибанның" қылмыстық заңы мен жеке дауларды шешу тәртібі ханафи мәзһабы мен ру-тайпалық кодекстердің немесе жергілікті дәстүрдің қосындысы деуге болады.
– Олар Пәкістандағы Деобанди медреселерінде оқытатын ханафи мәзһабын ұстанады. "Талибан" судьяларының көбі сол жерде тәлім алған. Егер қандай да бір тәлім алған болса. Кейде олар толық білім алмайды да, – дейді Рахими.
"ТАЛИБАННЫҢ" ШАРИҒАТЫ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?
Рахимидің сөзінше, өзге мұсылман елдермен салыстырғанда "Талибан" соттары өлім жазасына кесуде, аяқ-қолды шабуда және дүре соғуда өзін шектей бермейді.
Бұл жердегі әңгіме қысас туралы болып отыр. Оны басқаша "қанға қан" немесе жай ғана "кек алу" деп атайды. Оны "адамзатқа қарсы қылмыс" үшін қолданады дейді Рахими.
Қысас бойынша, кінәлі деп танылған кісі өлтіруші марқұмның туыстары талап еткен жағдайда өлім жазасына кесіледі. Бірақ марқұмның туыстары келісімге келуді таңдап, кісі өлтірушіден өтемақы талап ете алады.
Сауд Арабиясы, Иран, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар елдерінде және Нигерияның кей өңірлерінде шариғат "әділ құн" ұсынып, өлім жазасына жеткізбейді. Бірақ бұқара алдында орындалатын түрлі деңгейлі жаза қарастырылған.
1990-жылдардың ортасында ауған билігіне келген тәліптер дәл осы жағдайда өлім жазасын қолданған және оны жұрт алдында салтанатпен өткізген.
Рахими тәліп судьяларының ислам заңдарын ұғынып оқымайтынын, сол себепті құран сүрелеріндегі "әділ құн" сөзін кең ауқымда қарастыра қоймайтынын, өзге мұсылман елдеріндегі соттардың стандартын ұстанбайтынын айтады.
Тағы бір мысал ретінде худуд жазасын келтіруге болады. Бұл жазаны әдетте "құдайға қарсы қылмыс" үшін қолданады. Бұл жазада зинақорлық пен алкоголь ішкендер үшін дүре соғу, ұрлық пен тонау үшін қол кесу қарастырылған.
Жазаның бұл түрлері құран сүрелерінде анық жазылған және оны орындау міндетті саналады.
Бірақ худуд жазасы үшін айғақтау талабы тым жоғары болғандықтан, мұсылман елдерінің көбі оған жүгіне бермейді дейді Рахими. "Ол елдердің соты істе қандай да бір болмашы күдік болса, худуд жазасы қолданылмауы керек деген пәтуа шығарған".
Ал "Талибан" соттары процесті егжей-тегжейлі етіп жүргізуге жол бермейді дейді Рахими. Оның сөзінше, "Талибан" осыған дейін билік құрған кезде тәліп соттары "өлім жазасын, аяқ-қол шабуды және дүре соғуды спорт стадиондарында орындауды" бұйырған.
Тәліптердің шариғат туралы түсінігі мен өзге мұсылман елдердегі ислам заңы әйелдердің қоғам өміріндегі рөлінде де бір-бірінен ерекшеленеді.
Ауғанстанда 1996-2001 жылдары билік құрған "Талибан" әйелдердің білім алуына тыйым салып, олардан көшеге шығарда отбасындағы ер адаммен бірге жүруді талап етті.
Салыстырар болсақ, Пәкістан, Индонезия, Түркия, Бангладеш, Қырғызстан, Косово, Тунис, Танзания және Мали секілді мұсылмандары көп елдерде әйелдер үкімет басқаруға дейін жеткен.
BBC Парсы қызметінің басшысы болған, Jadid Online деп аталатын журналистік сайттың (Лондон) негізін қалаған Багер Мойнның айтуынша, "Талибанның" әйелдерге қатысты ұстанымы "көптеген мұсылман елдің шариғат заңына сәйкес келмейді".
– "Талибан" шариғат заңына сүйенетінін айтқанымен, оны шариғат заңы деуге болмайды. Ол – шариғат заңының тайпалық нұсқасы және оны солай атау керек, – дейді ол.
"Талибан" Мұхаммед пайғамбардың әйелдер біліміне қатысты дәстүрін ұстанып отырған жоқ, олар әйелдердің мектепке баруына тыйым салып отыр дейді Мойн.
– Әйелдердің білім алуына тыйым салудың ислам дәстүріне қатысы шамалы. Пайғамбар "білім алу барлық мұсылманның міндеті", мейлі ол еркек болсын, мейлі әйел болсын деп айтқан және осы сөздің айтылғанын ислам ғалымдарының бәрі бір ауыздан қуаттайды, –дейді Мойн.
Үндістанның солтүстігінде Дарул Улум Деобанд дейтін ислам мектебі бар. Оның негізін Деобан қозғалысы қалаған. Осы мектептің 82 жастағы директоры Маулана Сайед Аршад Мадани "Талибанның" әйелдер мен еркектерді бөлек оқытуын қолдайтынын айтады. Оның сөзінше, бұл азғырудың алдын алу үшін қажет.
Бірақ Мадани өз мектебінің тәліптермен байланысы жоғын айтады. Жақында ол Азаттыққа әйелдердің білім алуына тыйым салуды қолдамайтынын мәлімдеді.
ӨЗГЕ МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ
Сунниттік бағыттағы Сауд Арабиясы мен шииттік бағыттағы Иран елдері де шариғат заңдарына сүйенетінін айтады.
Бірақ Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты шариғатқа сүйенетін осындай елдердегі әйелдердің құқықтық мәртебесіне алаңдаушылық білдірген. Соттың айтуынша, мұндай режимдер дінге сілтеп жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына қол сұға береді.
Ислам заңына сүйенетін Пәкістан және Египет секілді елдер мен Түркия секілді мұсылмандары көп зайырлы елдерде шариғат пен ұлттық дәстүрдің және құқықтық кодекстердің қарым-қатынасы күрделірек.
ИСЛАМ ЗАҢЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Шариғат заңдарының төрт негізгі қайнар көзі бар.
Барлық мәзхаб бірдей мойындайтын басты қайнар көз – құран. Мұсылмандардың бәрі бұл қасиетті кітапты құдайдың Мұхаммед пайғамбарға айтқан сөзі деп қабылдайды.
Негізгі көздердің тағы бірі – хадистер. Ол Мұхаммед пайғамдардың ілімі мен әдет-ғұрпынан тұрады. Оны сүндет немесе діни сөзбен айтқанда сунна деп те атайды.
Адамның пайымына сүйенетін көздер де бар. Әр мәзһабта оларға әртүрлі салмақ беріледі.
Мұндай қайнар көздердің бірі қияс деп аталады. Оған ислам ғалымдарының құқықтың қағидаларды түсіндіруі жатады. Бұлар осыған ұқсас қайнар көздер ықтиқаттан тарайды. Соңғысына құран мен хадистердің түсіндірмесі жатады.
Тағы бір қайнар көз ижма деп аталады. Оған ислам ғалымдарының қандай да бір мәселе жөніндегі мәмілесі кіреді.
МӘЗҺАБТАР
Ислам мәзһабтары құран мен хадисті "адамның қалай түсінетініне" (фикһ) қарай бөлінеді.
Тек бір мәзһабқа түгел сүйенетін аймақ жоқ. Дегенмен әрқайсысы әлемнің белгілі бір бөлігінде басымдыққа ие.
BBC-дің бұрынғы тележүргізушісі, ислам ғалымы Джон Мохаммад Батт – Дарул Улум Деобанд мектебін бітірген жалғы Батыс адамы. Оның сөзінше, суннит бағытындағы төрт мәзһаб исламның іргелі сұрақтарында бір-бірінен ерекшеленбейді. Оларды "ерекшелейтіні – діннің қосалқы аспектілері".
– Әдетте олар – болмашы нәрселер. Олар суннит мәзһабтарының төртеуі де жарамды, төртеуі де қисынды деп айтады. Мәселе тек имамның түсіндірмесінде. Бұл мәзһабтар бір-бірін жау санамайды, – дейді Батт Азаттыққа.
Оңтүстік Азия мен Орталық Азияда ханафи мәзһабы басымдыққа ие. Мұсылман әлемінің үштен бір бөлігі осы мәзһабты ұстанады.
Ханафилер ислам ғалымдарының түсіндірмесін де, жергілікті қауымның дәстүрін де мойындайды, оларды ислам заңына жатқызады.
"Талибан" шариғатының ханафиге жататыны содан. Өйткені олардың шариғатына Ауғанстан мен Пәкістандағы жергілікті дәстүрдің ықпалы зор болған.
Малики мәзһабы Солтүстік және Батыс Африкаға тән. Орта ғасырларда ислам билігі орнаған Еуропа елдері де соған сүйенген. Ондай елдердің мысалына тарихтан Испания және Португалия ислам мемлекеттерін, Сицилия әмірлігін жатқызуға болады.
Маликилер хадистермен қатар ислам тарихындағы құқықтық пәтуаларды да мойындайды.
Ханафилер секілді олар да ислам ғалымдарының тұжырымдары мен жергілікті дәстүрді исламның қайнар көзі де қабылдайды. Өзге мәзһабтардан ерекшелігі – маликилер Медина халқының мәмілесін де ислам заңының қайнар көзі деп таниды.
Шафиғи мәзһабы Шығыс Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияда, сондай-ақ Кавказдағы Шешенстан және Ингушетия республикаларында танымал.
Шафиғи мектебі ислам ғалымдарының пәтуасын мойындамайды, олар оны "адам заңына" жатқызады.
Суннит мектептерінің ең кішісі – ханбали мәзһабы. Ислам заңының дәстүршіл, қатаң нұсқасын ұстанатын бұл мәзһаб Сауд Арабиясы мен Катарда басымдыққа ие. Бұл елдерде ол ресми фикһ саналады.
Ханбали мәзһабын ұстанатындар Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Сирия, Оман және Йемен елдерінде де көп. Ирак пен Йорданиядағы көшпелі бедуин тайпалары да соған сүйенеді.
Бұдан бөлек сәләфилер немесе уахабилер дейтін секта бар. Олар суннит бағытындағы ислам заңының қатаң ортодокс нұсқасын ұстанады. 18-ғасырда ханбали мәзһабының жаңғыруы ретінде пайда болған. Танымал ізбасарларының қатарында "әл-Қаида" террор тобының лидері Усама бен Ладен бар.
Шиит бағытындағы негізгі мәзхаб жафари деп аталады. Ол Иран конституциясында бас мәзһаб болып бекітілген.
Жафарилердің суннит бағытындағы төрт мәзһабтан ерекшелігі – олар ықтиқатты, яғни ислам ғалымдарының құқықтық сұрақтарға берген жауабын мойындайды.
Тұрмыс мәселесінде жафарилер суннит мәзһабтарынан мұрагерлік, салық, сауда, жеке мәртебе және неке мәселесінде ерекшеленеді.
Автор бұл мақаланы Азаттық тілшісі Әбубәкір Сыдықтың хабарына сүйеніп жазды
ПІКІРЛЕР