Accessibility links

Түркіменстанда тұрғындарға президенттің жаңа кітабын сатып алуды міндеттеп жатыр


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Түркіменстанда президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің кітаптарын халыққа тарату бойынша кезекті науқан басталды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап шығарған президенттің "Тәуелсіздік — біздің бақытымыз" атты кітабын мемлекеттік мекеме, кәсіпорын қызметкерлеріне және студенттерге сатып алуға міндеттеп жатыр.

Азаттықтың Түркімен қызметінің Лебап облысындағы тілшісі хабарлағандай, жергілікті мәдениет қызметкерлеріне президент кітабын мақтаған музыкалық шығармалар дайындауға тапсырма берілген.

Бұдан бөлек облыстағы жоғары оқу орындарының студенттерін президенттің жаңа кітабын мақтауға шақырып, оларды қызықтыру үшін 100 манаттан (ресми бағам 28,5 доллар) сыйақы берілетінін айтқан.

Бұл түркімен президентінің биыл жазған екінші кітабы. Мамыр айында Ашғабадтың 140 жылдығына арнап "Ақ қала - Ашғабат" деген кітабы жарық көрген.

Бердімұхамедов билікке келген 15 жылдан бері 60-тан астам кітабы шыққан. Олардың бірқатары мемлекеттік мейрамдар мен түрлі оқиғаларға арналса, қалғаны түркімен салт-дәстүрі, жылқы өсіру, дәрілік шөптер секілді тақырыптарға арналған.

Бердімұхамедов кітаптан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Ал билік пен мемлекеттік БАҚ халықты оның кітаптарын сатып алуға мәжбүрлейтіні жайлы тіс жармайды.

Түркіменстанда мемлекет басшысының кітаптарынан бөлек, оның портреттері де күшпен таратылады. Мемлекеттік мекемелер жылына бірнеше рет Бердімұхамедов портреттерін ауыстырып отырады.

Елде азық-түлік дағдарысы мен коронавирус індеті ушығып тұрған тұста кейбір аймақта президент портреті азық-түлікке қосымша "жүктеме" ретінде сатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG