Украина Жоғарғы радасының депутаты Виктор Медведчук мемлекетке сатқындық жасады және террористік топтың қызметіне араласты деп айыпталды. Бұл жөнінде Украина қауіпсіздік қызметі хабарлады.
Украина бас прокуроры Ирина Венедиктованың сөзіне қарағанда, депутат 2014-2015 жылдары Донецк және Луганскідегі сепаратистерден "көмір отынын тасымалдау бойынша қылмыстық схеманы жүзеге асырды" деген күдікке ілінген. Депутат сол бойынша Ресей билігіне есеп берген деген болжам айтылады. Тергеу орындарының пікірінше, оның әрекеті Украинаның энергетика қауіпсіздігіне нұқсан келтірген. СБУ Медведчук ісі бойынша бұрынғы президент Петр Порошенконың әрекетін де тексереді.
Жоғарғы рада депутаты Виктор Медведчук биыл мамыр айында үйқамаққа алынған. Ол өзі жетекшілік ететін "Оппозиционная платформа – За жизнь" фракциясының тағы бір депутаты Тарас Козаков екеуі мемлекетке сатқындық жасады және ұлт байлығын тонауға тырысты деген күдікке ілінген. Тергеу органдарының мәліметінше, олар аннексияланған Қырым маңында мұнай және газ өндіру мәселелері бойынша Ресеймен астыртын байланыс орнатқан, одан бөлек Ресей арнайы қызметіне мемлекеттік құпия болып саналатын ақпарат берген.
Медведчук – Жоғарғы рададағы ірі оппозициялық фракция – "Оппозиционная платформа – За жизнь" партиясының жетекшісі. Қарсыластары партияны "ресейшілдігі үшін" айыптайды.
2004 жылы Ресей президенті Владимир Путин Медведчуктің кіші қызы Дарияға өкіл әке атанған.
ПІКІРЛЕР