Владимир облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан оппозициялық саясаткер Алексей Навальный "түрмеден қашып кетуге бейімдер" тізімінен "экстремистік және террористік идеологияны насихаттаушылар" тізіміне ауысты.
Бұл туралы Навальныйдың Instagram парақшасында хабарланды. Ақпаратқа қарағанда, бірнеше күн бұрын оны колониядағы комиссияның отырысына шақырып, шешіммен таныстырған.
"Жедел уәкілдердің бірі сотталушы Навальный экстремистік және террористік идеологияны насихаттайды деп рапорт жіберген" дейді Навальный.
Шешімге сәйкес, Навальныйдың киіміндегі бұған дейінгі қызыл түсті лентаны, "экстремизмге бейімдер" тағатын жасыл түске ауыстырған. Навальныйдың жазуынша, мұндай түспен колонияда негізінен мұсылмандар, ұлтшылдар мен футболдың жанкүйерлері белгіленген.
Навальныйдың айтуынша, "экстремизмге бейім" сотталушыларды күндіз де, түнде де сағат сайын тексермейді, сондықтан бұл тізімде болғанның біршама жеңілдігі бар. Бұған дейін Навальный өзін үздіксіз тексере бергендіктен ұйықтай алмай жүргенін айтқан еді.
Шешімде Навальныйдың экстремизмге не себепті "бейім" болғаны айтылмайды. Бірақ бұған дейін онымен байланысты ұйымдар "экстремистік" деп танылып, Ресейде ұйымдардың жұмыстарына тыйым салынған. Бұған қоса, Навальный мен оның серіктеріне экстремистік бірлестік құрды деп қылмыстық іс қозғалған.
ПІКІРЛЕР