Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің төрағалығына ұсынды. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.
– Біріншіден, Ақсақалдар кеңесінің басшысы лауазымына АӨСШК негізін қалаушы, Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну – мен үшін үлкен мәртебе. Екіншіден, 2022-2024 жылдары АӨСШК төрағалығына Қазақстанды ұсынамын. Еліміздің кандидатурасы мақұлданған жағдайда кеңестің игі миссиясын орындау үшін ұжымдық күш-жігерді нығайту жолында жаңа мандатты пайдалануға міндеттеме аламыз, – деді Тоқаев.
Сейсенбі күні Нұр-Сұлтанда АӨСШК сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы болған.
АӨСШК – Азия елдерінің ынтымақтастығын орнатуға бағытталған халықаралық жиын. Аталған кеңес құру идеясын ең алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев айтқан. Кеңестің алғашқы отырысы 2002 жылы өткен. Ұйымның хатшылығы 2014 жылдан бері Қазақстан астанасына шоғырланған.
ПІКІРЛЕР