ТАЛДЫКӨЛГЕ 13 МЫҢ ЖЫЛ
Азаттық: Кейінгі кезде кіші Талдыкөл туралы түрлі әңгіме айтылып жүр. Бірі оны көл десе, енді бірі шалшық дейді. Талдыкөл осы екеуінің қайсына жатады?
Руслан Оразалиев: Біріншіден, көл я шалшық болсын, бұл – табиғи экожүйе. Сондықтан екеуі де бағалы. Бұл ретте біз толыққанды табиғи көл туралы әңгімелеп отырмыз. Ал оны көрмеген, байқамаған адамға ештеңе дей алмаймын. Бұған дейін Талдыкөлдің көл екені, оның қашан және қалай пайда болғаны, 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басындағы топографиялық карталарда көрініс тапқаны жайлы бірнеше рет айтылып, жазылды. Дәлел келтірілді.
Азаттық: Дәлел демекші, Талдыкөлге 13 мың жыл деген ақпарат бар. Бұл қаншалық рас?
Руслан Оразалиев: Бұл – ресми қорытынды. Оны есептеген біз емес. Бұл – әкімдік жиі сілтейтін "Биосфера" деген серіктестіктің жұмыс жобасы. Әкімдік 2013 жылы осы серіктестіктің зерттеу жасағанын, соның негізінде көлді құрғату қажетін айтады. Бұл реттте әкімдік құжаттың күшін жойғаны туралы ләм-мим демейді. Яғни, құжаттың еш маңызы жоқ. Екіншіден, "Биосфера" серіктестігі жасаған жобаның толық бір тарауында (28-бет) көлдердің қандай топқа жататыны баяндалған.
Қайталап айтамын, зерттеуді Талдыкөлді сақтау мақсатында күресіп жүрген экологтар мен белсенділер жасаған жоқ. Біз бар болғаны қажет мәліметті ашық дереккөздерге, архивке жүгініп, білімімізге сүйеніп табамыз. Осы аймаққа қандай да бір қатысы бар адамдармен сөйлесеміз. Біреулер Кіші Талдыкөл жайлы халыққа жалған ақпарат беріп, алдаған кезде біз осындай нақты фактіге құрылған жазбаларды жариялаймыз.
Азаттық: Көлге 13 мың жыл болған деп зерттеу жүргізген серіктестіктің өзі айтып отыр ма?
Руслан Оразалиев: Иә, бірақ әкімдік оған назар аудармайды. Ол жайында айтқысы да жоқ. Керісінше, олар бұл жобадан көлдің кей жері ластанғанын алға тартып, өзіне қажет тұсын ғана алып отыр. Әрине, ластанған. Ластанады да. Мәселен, ол жерге қоқыс төккізіп жатқан кім және неліктен ол маңда қоқыс пайда болады? Қызығы сол, оған мән берілмейді.
Өткенде көл маңында болдым. Көлді көміп жатыр екен. Топырақ арасында пластик, полиэтилен пакет, темір қиындылары, көлік дөңгелегі – бәрі бар екен. Көлді осындай қалдықпен көміп жатыр. Мұны көргесін, экология полициясын шақырып, 30-40 минуттай күттім. Олар: "Бұлардың рұқсаты бар, біз ештеңе істей алмаймыз" деп кетіп қалды. Міне, осындай жайттарға назар аударылмайды да, артынан "көл ластанған" дейді. Әу баста көл таза болған. Көл баяғыда, бұл жер астана аталып, әкімдер келгенге дейін пайда болған. Керісінше, экожүйе қалыптасқаннан кейін ғана біз осы маңға келдік. Соған қарамастан енді келіп оның тағдырын шешпекпіз. Осында келдің екен, оны құртпай, керісінше, жағдайын жақсартуға әрекет ет.
"ТАЛДЫКӨЛ – АСТАНАНЫҢ ӨКПЕСІ"
Азаттық: Әкімдік бұл маңға үй салғысы келеді. Экологтар көлді қорғап жатыр. Қазақстан үшін, астана үшін Талдыкөл көл жүйесі несімен маңызды?
Руслан Оразалиев: Бұл сұраққа біржақты жауап беру мүмкін емес. Өңірдің құндылығына қатысты бірнеше нұсқаны мысалға келтіре аламыз. Біріншіден, экологиялық құндылық. Бұл жер – қаладағы биоалуандылықтың ошағы.
Біз тек бергісін, жағадағы өсімдік пен көлдегі құсты ғана көреміз. Бірақ ол жерде қанша жәндік барын ешкім ойламайды.
Жәндіктер де – бүкіл экологиялық тізбектің бір бөлшегі. Осылай сәл тереңірек үңілгенде ғана жағдайды біршама түсінеміз. Яғни, бір аумақпен бірге ондағы қаншама тіршілік иесі жойылады. Мұны бір деңіз, бұл – экологиялық құндылық. Одан бөлек, көлдің климатқа да оң әсері бар. Көл табиғи түрде қала ауасын ылғалдандырады. Мысалы, Астана тұрғындары "жазда ауа құрғақ, демалу мүмкін емес" деп ауа ылғалдандырғыш сатып алып жатады.
Қалада аллергиямен ауыратындар көп. Оған біріншіден – құрғақ ауа, екіншіден – тоқтаусыз салынып жатқан құрылыстан көтерілетін шаң әсер етеді. Ал көл маңында құрылыс қызу жүріп жатыр. Көтерілген шаңды сол көлден таралатын ылғал басып тұр. Түсінесіз бе? Көл суы ауаны ылғалдап, шаң шөгіп қалады. Былайша айтқанда, көл маңы – қаланың өкпесі деуге келеді. Бұл дегеніміз, шаңды басуға арналған табиғи сүзгі. Ал оны қаперге алып жатқан ешкім жоқ. Тегін берілген осы дүние бағаланбай отыр.
Қыстыгүні мұз басып жатса да көлдің пайдасы бар. Сулы аймақ климаттың жұмсаруына септігін тигізеді. Әлбетте, көлдің пайдасы жайлы көп айтуға болады. Көлдердің бұдан басқа тағы бір қыры бар. Ол – аймақтың эстетикалық құндылығы. Яғни, сұлулығы. Иә, қазіргі жағдайы сын көтермейді. Себебі ол маңда құрылыс жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр.
Әрине, біреулер үшін көлдердің келешегі жоқ болып көрінуі мүмкін. Дегенмен осының бәрі – сақтап қалуға тұрарлық экожүйе, табиғи сұлулық екенін пайымдау керек. Біз көлді сақтау туралы айтқанда, оған мүлде тиіспеу керек, ол жақта ештеңе істемеу керек демейміз. Олай емес. Біз экожүйені қорғап, қала халқы мен қонақтарына әсем табиғат аясына баруға мүмкіндік жасауға үндейміз. Өйткені бәрі сондай жерде демалғанды қалайды. Қала тұрғындарының бәрі табиғат аясына шыққысы келеді. Ал мұнда қандай табиғат бар? Бәрі Бурабайға кетеді. Ал ол жақ әбден ластанған.
Оның үстіне, бізде табиғат аясында демалу мәдениеті де қалыптаспаған. Егер біз өз үйімізде сол табиғатты жойып жатсақ, онда мәдениет қайдан қалыптассын? Түсінесіз бе? Міне, бұл – көлдің эстетикалық маңызы.
Біздің бастамашыл топта территорияның тарихи-мәдени құндылығын зерттеген сарапшылар бар. Жұрт бұл өлкеге бұрыннан қызығатын. 1960 жылға дейін үлкен және кіші Талдыкөл арасында "Талдыкөл" деген ауыл да болған. Ол жерде әр кезеңге жататын үш түрлі мазар бар. Мұндағы ең ежелгі қорым орта ғасырларға тән. Осыған қарап-ақ, көл маңында адамдар бағзыдан бері тіршілік еткенін байқауға болады.
Көл жағасында арғын ішіндегі кіші рулардың қыстауы да болғанын дәлелдейтін архив мәліметтері табылған. Оны да жарияладық. Бұл нені білдіреді? Неліктен "бұл жерде ештеңе болмады, бұл маңнан жағымсыз иіс шығады" деп, бәрін жоққа шығаруымыз керек? Одан кейін "Біз ұлы орданың мұрагеріміз" дегенді бәрі айтады. Өз тарихымызға немқұрай қарап отырып, тарих жайлы айтуға ауыз қалай барады?! Аталған мазарлардың жанын абаттандырып, тарихты көрсетудің орнына, бізге қайсыбір қала орталығында, асфальтта тұрған жасанды этноауылдың керегі не?
Ал астана іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласы Талдыкөл көлдерінің маңында болған. Сол қалада тұрған халық көл ресурстарын пайдаланғанын жоққа шығара алмаймыз. Олар осы аумақта көшіп-қонып жүрген. Бәлкім, малын суғарған шығар. Яғни, көл төңірегінде тіршілік болмаған деген дұрыс емес.
ТАЛДЫКӨЛДЕ ҚҰСТЫҢ ҚАНША ТҮРІ БАР?
Азаттық: Бұл жерде қандай құстар, қашаннан бері мекендейді?
Бұл маң – құстардың екі үлкен миграциялық жолының қиылысқан жері.
Руслан Оразалиев: Көл 13 мың жыл бұрын пайда болды десе, демек құстар да мұнда 13 мың жылдан бері тіршілік етеді деген сөз. Көлді зерттеп жүргеніме бірнеше жыл болды. Жақында осы маңдағы құстардың жалпы тізімін жасадым. Былтыр көлде құстың 164 түрі болған. Биыл 168-ге жетті. Бұл – құстарды көлге бір келгенде көрді деген сөз емес. Қыс, көктем, жаз, күз уақытында жасаған есебім. Яғни, осынша құс түрін жылдың төрт мезгілінде көрдім. Айталық, қыста солтүстіктен бізде қыстайтын құстар ұшып келеді. Көл мұз құрсауында қалса да, олар жағадағы қамыс арасын паналайды. Одан кейін, көктемде жыл құстары Қазақстанның, әсіресе, Орталық Қазақстан мен астана үстінен көп өтеді. Өйткені бұл маң географиялық және территориялық тұрғыда құстардың екі ірі миграция жолының қиылысқан жері. Біздің жер арқылы көптеген жыл құсы ұшып өтуінің себебі сол. Олар Қазақстанда ұзақ жол алдында уақытша тоқтап, қоректенеді, демалып, күш жинайды. Ары қарай қыстайтын аймағына аттанады.
Көл жүйесі туралы әңгіме қозғалғанда әкімдік үнемі нақты суды ғана айтады. Олар: "Міне, мынау су аумағы. Осы жерде су бар. Біз су айдынын сақтап қаламыз" дейді. Ал бізге көлдердің суы ғана емес, қалыптасқан жағалауы, айнала өскен қамысы да маңызды. Өйткені бұл – тұтас экожүйе.
Одан өзге, көлде құстың 168 түрі бар дегенде, мен нақты кіші Талдыкөлді меңзеп тұрғаным жоқ. Бұл Талдыкөл көлдер жүйесіне қатысты әңгіме. Талдыкөл көлдер жүйесіне үлкен Талдыкөл, Өлмес, Тассуат және кіші Талдыкөл көлдері жатады. Осы көлдердің барлығы бірігіп "Талдыкөл көл жүйесі" деп аталады.
Мәселен, "Аққу мына көлде ғана мекендейді. Басқа жаққа бармайды" деу қисынсыз. Олай емес. Оны ешкім аяғынан байлап қойған жоқ қой. Құстар арлы-берлі ұшып жүре береді. Менің бір әріптесім айтпақшы, бұл жер үлкен пәтер сияқты. Құстар бір бөлмеде демалады, енді бір бөлмеде қоректенеді. Жалпы, құс жұмыртқа басқанда және балапандардың қанаты қатайғанша ғана бір орынға байлаулы болады. Менің есебімше, Талдыкөл көлдер жүйесінде 5 мың жұп, яғни, 10 мың құс жұмыртқалап, балапан басады. Ұя салатын құс түрі шамамен 70 шақты.
Азаттық: Олардың арасында қызыл кітапқа енгендер бар ма?
Руслан Оразалиев: Бұл жерді қазақстандық қызыл кітапқа енген 11 және халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміндегі 12 құс түрі мекендейді. Халықаралық табиғатты қорғау одағының "қызыл тізімін" кейде қателесіп, "Қызыл кітап" деп жатады. Олай емес. Бұл тізімге жаһандық ауқымда жоғалып бара жатқан аң-құстар кіреді. Осы аумақтан құстар миграция жасаған кезде Қазақстанның қызыл кітабына енген бұйра бірқазан, қарапайым қоқиқаз, аққу, дала қыраны, тырнаның бірнеше түрі және тағы басқа құстар ұшып өтеді.
"НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ ҚОҚИҚАЗДАРДЫҢ МЕКЕНІ – ҚАЗАҚСТАН"
Азаттық: Кіші Талдыкөл мәселесі туындағанда, әлеуметтік желіде қалжың-шыны аралас "қоқиқаздарды әлдекімдер әдейі әкелді" деген қауесет тарады. Бұл қаншалық қисынды?
Руслан Оразалиев: Мұндай әңгімеге түсінік бергім келмейді, бермеймін де. Көлге барған адам, ол құстардың жұмыртқадан биыл шыққанын байқай алады. Ал "Зеленый квартал" [тұрғын үй кешені] маңында жүргендері – қоқиқаз балапандары. Өткенде олардың саны 11 болған. Ал үлкен Талдыкөлде 72 қоқиқаз жүрсе, оның 68-і – өсіп жетілген қызыл қоқиқаз. Қалған төртеуі – балапан. Меніңше, олар бірге ұшып келген.
Бір бөлігі үлкен Талдыкөлге, енді бір бөлігі кіші Талдыкөлге тұрақтаған. Басында балапан қоқиқаздар төртеу болған, одан соң бесеу болды. Үшінші күні кіші Талдыкөлдегі балапан қоқиқаздардың саны 13-ке жетті. Бұл құстардың бір көлден екіншісіне қоныс ауыстырып жүретінін дәледейді.
Демек, оларды біреу әкелді деген бос сөз. Арнайы барып қараған адам олардың арлы-берлі ұшып жүргенін көреді. Яғни, олардың қанаты бар, ұша алады. Бұлар қанаты қырқылған, саябақтарда жүретін құс емес. Ұша алатын құс әркезде әр жерде болуы мүмкін. Қоқиқаздардың осы аумаққа келуіне қарап-ақ, көлде тіршілік барын түсінеміз.
Бұл құстардың мекені – Қазақстан. Атап айтқанда, қарапайым қоқиқаздың негізгі мекені Қазақстандағы Қорғалжың мемлекеттік қорығындағы үлкен Теңіз көлі. Ол жерде құс жұмыртқалап, балапан басатын шағын аралдар бар.
Талдыкөлде жүрген балапан қоқиқаздар, шамасы, сол жақтан келген. Негізі кез-келген аң-құстың миграциясына оның мекендеген жеріндегі қоректің таусылуы себеп болады.
Қыстыгүні өзен-көлде жәндік пен құрт болмайды. Сондықтан құстар қорек іздеп, қысы аязды болмайтын, жылы жаққа қарай ауады. Былайша айтқанда, миграция деген аң-құстың қорек іздеуі.
Мысалы Африкада бөкендер қауіпті болса да, қолтырауын қаптаған өзеннің арғы бетіне өтуге тырысады. Неге десеңіз, олар солтүстіктегі шөпті жеп таусқан, ал, оңтүстікте жаңбыр жауып, шөп шүйгін шыққан. Құстардың қоныс аударуы да осы сияқты.
Азаттық: Қоқиқаздар қайда қыстайды?
Руслан Оразалиев: Қоқиқаздар қысты Каспий теңізінің оңтүстігі – Иран мен Түркіменстанда өткізеді және белгілі бір бөлігі Маңғыстаудағы Қаракөл көліне тұрақтайды. Бұған дейін аралық екі құс жолы барын айттым. Соның бірі – батыс бағыттағы афроеуразиялық, екіншісі – Орталық Азия, Үндістан және Пәкістанға апаратын аралық құс жолы. Қыстау үшін біздің қоқиқаздар осы екінші аралық жолмен ұшады. Сол жақтардан балапан басу мақсатында қайта оралады.
"ТАБИҒИ ЭКОЖҮЙЕНІ САҚТАП ҚАЛУҒА МҮМКІНДІК БАР"
Азаттық: Әкімдік пен құрылыс компаниялары жоспарлағандай, маңай абаттанса, ол жерге құстар келе ме?
"Зеленый квартал" маңындағы фонтаны бар тоғанда құстар жоқ. Ал орталық саябақтағы аққулардың қанаты қырқылған.
Руслан Оразалиев: Әкімдік таратқан суретті көрдіңіздер ғой. Бұл бар болғаны айналасында тұрғын үй кешені қаптаған, су толтырылған тар жолақ қана. Біріншіден, ол – табиғи су айдыны емес. Екіншіден, бұл тоған сақталуы үшін оны үнемі қолдап отыру қажет. Әйтпесе, толыққанды табиғи экожүйе болмайды. Әкімдік пен құрылыс компаниясы жағалауды бетондап, көлді тереңдететінін айтады. Жарайды, солай болсын-ақ делік. Ал су қайдан келеді? Ол жай ғана қазаншұңқыр болады ғой. Табиғи экожүйені сақтап қалуға әзірге мүмкіндігіміз бар. Бүгінде бұл маңға қар мен жаңбыр суы жиналады.
Ал тоғанды толтыратын сонша суды олар орталық су жүйесінен ала ма? Олардың "көлді сақтап қаламыз" деген уәдесіне сене алмаймын. Себебі қалада осыған ұқсас бірде-бір жоба жасалмаған. Мәселен, "Жасыл квартал" маңындағы фонтаны бар тоғанда құс жоқ. Ал орталық саябақтағы аққулардың қанаты қырқылған. Бұл тағы бір мысал.
Олар қыста тоғандағы суды ағызып, көктемде қайта су құяды. Мұның бәрі – ақша, қала бюджетіне шығын. Ал ботаника бағындағы – түбіне пленка төселген, қолдан су құйып тұратын жасанды тоған. 2020 жылғы көктемде осы жерге бірнеше аққу ұшып келді. Оған таңқалатын ештеңе жоқ. Өйткені алысқа бара жатқан құс сол араға суды көріп тоқтаған. Бір апта, он шақты күннен кейін қайта ұшып кетті. Неге десеңіз, онда не қорек, не паналайтын жағалау немесе балапан басатын қауіпсіз жер жоқ.
Менің таңқалатыным, бізде ешкім қайталамас үшін өзгенің қателігінен сабақ алмайды. Жақсыны көре білмейді. Ал мұндай жағдайлар тиісті орында маман отырмағандықтан болады. Мысалы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасын алайық. Мұндағылар осы мәселені алдымен өздері көтеруі керек қой. Олар болса құрылысты қолдап отыр.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.
ПІКІРЛЕР