Маңғыстау облысында Солтүстік Бозащы кенішін игерумен айналысатын "Бозащы оперейтинг" (Buzachi Operating Ltd) компаниясы жұмысшыларының видеомәлімдемесі тарады. Онда жұмысшылар жалақы өсіруді, ынталандыратын сыйақыларды қалпына келтіруді талап еткен.
Қазақстан билігі өкілдеріне жолдаған видеомәлімдемесінде жұмысшылар нарықта мұнай бағасы қымбаттаса да, кеніш игеріп жатқан мекеме жұмысшыларының жалақысы сол күйінде қалғанын, мекеме басшылығына ұсыныс жасағанмен әзірге мәселелерінің шешілмегенін айтады.
"Біз басшылыққа жалақы өсіруді және 2015 жылы мұнай бағасының құлдилауына байланысты алынып тасталған ынталандыратын төлемді қайтаруды сұрағанбыз. Алайда осы күнге дейін қолданған шаралардың бәрі нәтижесіз аяқталды" дейді жұмысшылар үндеуін оқыған адам.
Олардың сөзіне қарағанда, 2020 жылы жұмыс беруші компания "біржақты түрде жалақы қорын азайтқан". Олар жақын арада компания кенішті игеру бойынша келісім-шарт мерзімін 2046 жылға дейін ұзартуға қол жеткізетінін айтып, бұл компания мен акционерлеріне осы уақыт аралығында тұрақты кіріс алуына жағдай жасайтынын айтып, сәйкесінше жұмысшылардың да жағдайы жақсаруы тиіс деді.
"Негізгі келісімнің 6.8 пунктінде көрсетілген Қазақстанда лайықты еңбек принципін жүзеге асыруды қамтамасыз етуді талап етеміз. Сонымен бірге шынайы жалақы мөлшерін өсіретін шаралар кешенін жүзеге асыруды, халықтың кірісі мен өмір сапасын жақсарту саясатын жетілдіруді талап етеміз" деді жұмысшылар.
Компания жұмысшыларының бірі егер "бұл жолы нәтиже шықпаса, наразылыққа көшуге тура келеді" дейді.
– Әзірге, [біздің тарабымыздан] ешқандай еңбек шарты бұзылып жатқан жоқ. Бәрі заң бойынша. Қазір кеніште жұмыс жалғасып жатыр. Бұған дейін жұмыс берушіге хат жолдағанбыз. 2015 жылғы дағдарыс кезінде мемлекеттік қызыл мерекелерде берілетін сыйақылар қысқартылып қалды. Содан кейін бірнеше қысқартулар болды. Ол кезде долларға шаққанда "окладымыз" мың долларға жуық болған. Қазіргі таңда сол доллардың өсіп кетуіне байланысты, импорттың өсіп кетуіне байланысты айлықтарымыз өкінішке қарай ол сомаға жетпейді. Сол мәселе бойынша жұмыс берушіге хат жолдағанбыз. Кәсіподағымыз 11 және 13 қазанда бас директормен сөйлескен болатын. Өкінішке қарай, оң нәтиже болмай тұр, – дейді ол.
Компанияның кадр бөлімінің аты-жөнін айтпаған қызметкері жұмысшылардың бұған дейін басшылыққа талаптарын хатқа түсіріп, жеткізгенін растады.
– Ұжымдық келісім-шарт туралы заң аясында оны талқылауды ұсындық. Бірақ соған қарамастан олар жұмыс берушімен келіссөз өткізбей жатып видеомәлімдеме жасаған. Еңбек кодексіне сәйкес, келіссөз жүруі тиіс. Егер қандай да бір тарап ұжымдық келісім-шартқа өзгеріс енгізуді талап етсе, келіссөз болуы тиіс. Солай болады деп те ойлаймын, - деді компания қызметкері.
Солтүстік Бозащы кеніші Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының солтүстігіне қарай 250 шақырым жерде орналасқан елдегі ірі кеніштердің бірі.
"Бозащы оперейтинг" компаниясының акционері – қытайлық CNPC компаниясы.
(Жаңалықты әзірлеуге Аян Қалмұрат та қатысты).
ПІКІРЛЕР