Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының жетекшісі Тайыр Қаратаевқа 670 910 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қыркүйек ортасында аталған театрда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның "Место силы" атты кітабының презентациясы өткен. Дәл сол кезде қалада коронавирусқа байланысты шектеу шаралары күшінде болды. Қазақстандықтар кеш қонақтарының маскасыз жүргенін байқаған.
21 қазанда Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Қаратаевқа 670 мың теңге (1,5 мың доллар) көлемінде айыппұл салынған хабарлады. Бұған дейін Бекшин Азаттық тілшісіне шарада заң бұзылмағанын айтқан.
Бекшиннің айтуынша, театр директоры "маска режимін бұзғаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылған.
Әлия Назарбаеваның "Место силы" атты кітабының презентациясы Алматыда 16 қыркүйекте өткен. Ресейлік әртіс Максим Галкин жүргізген кешке қазақстандық кәсіпкерлер, актерлар, өзге де селебрити өкілдері қатысты. Алматы СЭС өкілдері бұған дейін Алмалы аудандық мониторинг тобы материалдарды зерттеп жатқанын айтқан.
Қазақстанда бұған дейін де осыған ұқсас оқиғалар болған.
Қыркүйек айында әлеуметтік желілерде депутат Бекболат Тілеухан, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы, Өскемен әкімі Жақсылық Омар мен эстрада жұлдыздары қатысқан салтанатты шарадан түсірілген фотолар пайда болды. 6 қазанда денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова шараны ұйымдастырушыларды жауапқа тартуға "негіз жоқ" деп мәлімдеді. Жергілікті БАҚ Нұр-Сұлтан түбіндегі демалыс орнында өткен шараны президент әкімшілігінің шенеунігі ұйымдастырғанын жазды.
Қазан айында да әлеуметтік желілерде саясат пен шоу-бизнестегі бірқатар тұлғалардың тойда жүрген сәтінен түсірілген видеолар тараған. Видеодағы адамдардың бірі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли мен зейнетке шыққан саясаткер Иманғали Тасмағамбетовке қатты ұқсайды.
21 қазан күнгі брифинг кезінде қаланың бас санитар дәрігері аталған шараға байланысты "Светлана" мейрамханасын жалға алған адамға 670 мың теңге (1,5 мың доллар) көлемінде айыппұл салынғанын айтты.
ПІКІРЛЕР