Accessibility links

Оппозиция митингісі қарсаңында полиция белсенділерді бөлімшеге шақырды, кейбірі ұсталды


Полиция митинг өтетін аймақты күзетіп жүр. Шілде, 2021 жыл.
Полиция митинг өтетін аймақты күзетіп жүр. Шілде, 2021 жыл.

23 қазанға белгіленген оппозиция митингісі қарсаңында сенбі күні Қазақстанның түрлі өңірінде полицияның белсенділерді бөлімшеге шақырып, кейбірін ұстап әкеткені жайлы хабар тарады.

23 қазанда таңертең Ерденбек Заркумканов есімді азаматты үйінен азаматтық киім киген екі адам алып кетпек болған. Ол көлікте отырған сәтінен Facebook-та тікелей эфирге шығып, кейіннен эфир үзіледі. Видеоға қарағанда оны күшпен ұстап алғанға ұқсайды.

Тағы бір белсенді митингіге бару үшін өзінің "ауылдан әрең қашып шыққанын" айтады. Бірақ өзінің бауырын полицияның ұстап жібермей тұрғанын хабарлады.

"Аслан Нұрқанов деген туған бауырым бар. Соны ұстап алып жібермей тұр екен. Өзім қалаға жетіп алдым. Мені іздеп жатыр екен. Одан "ағаң қайда" деп сұраған" деді белсенді.

Ақмола облысында да полиция белсенді Амангелді Жахинге сенбі күні таңертең шақырту қағазын тапсырды.

Түркістан облысында белсенді Ғалымжан Қарабаев полицияның үйінің маңын торуылдап жүргенін айтты.

Бір күн бұрын петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан пробация бақылау қызметі өкілдерінің келіп, өзін "тексеріп кеткенін" айтқан. Белсендінің сөзіне қарағанда осы аптада олар осымен екінші рет келіп отыр.

Әзірге, қанша адамның ұсталғаны белгісіз. Азаттық тілшісі полициядан жауап ала алмады.

Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын 23 қазанда митингіге шығуға шақырған. Митингіде саяси тұтқындарды босату, жалақы, зейнетақы және жәрдемақыны екі есе өсіру талаптары айтылмақ.

Әблязов шақырған митинг қарсаңында, 21 қазанда Қазақстан халықтар ассамблеясының жиынында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "рұқсатсыз митингіге" шыққандар жазаланатынын ескерткен.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды бейбіт митингілерге кедергі жасамауға жиі шақырады, бірақ Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың мәлімдемелерін тек ұсыныс деп санайды.

Қарай отырыңыз: "Алаңға шықпас үшін аңдып тұр". Митинг қарсаңында белсенділер қамалып жатыр (22 қазан 2021 жыл).

"Алаңға шықпас үшін аңдып тұр". Митинг қарсаңында белсенділер қамалып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG