Алматыда оппозиция митингісі өтеді деген жерде интернет өшті. Астана алаңында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сағат 11 жарым шамасында аумақта мобильді интернет болмаған. Алаңда полицейлер қаптап жүр. Қазақ Британ техникалық университетінің маңында сегіз полиция газелі байқалған.
Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 23 қазанда осы алаңға жиналуға шақырған еді. Саясаткер жақтастарына әуелі Арбат маңына жиналып, сосын Астана алаңына шерулетіп келуге үндеген. Митингіде саяси тұтқындарды босату, жалақы, зейнетақы және жәрдемақыны екі есе өсіру талаптары айтылмақ.
Әблязов өзге қалаларда да "митинг орындарын" белгілеген.
Сенбі күні митингіге шамамен жарты сағат қалған кезде астанада митинг орны ретінде айтылған Кенесары хан ескірткіші маңында бір полицейден басқа ешкім болмады. Аумақта полиция көліктері мен газельдер байқалды.
Митинг қарсаңында және өтеді деген күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде белсенділер ұсталып, кейбірі полиция бөлімшесіне шақырылды. Үйінен шыға алмай қалған азаматтар да бар.
Әблязов шақырған митинг қарсаңында, 21 қазанда Қазақстан халықтар ассамблеясының жиынында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "рұқсатсыз митингіге" шыққандар жазаланатынын ескерткен.
Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды бейбіт митингілерге кедергі жасамауға жиі шақырады, бірақ Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың мәлімдемелерін тек ұсыныс деп санайды.
ПІКІРЛЕР