Accessibility links

Белсенділер Назарбаев пен Мәсімовке санкция салуды сұрады


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовке жеке санкция салуды талап етіп тұрған белсенділер. Алматы, 23 қазан 2021 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовке жеке санкция салуды талап етіп тұрған белсенділер. Алматы, 23 қазан 2021 жыл.

23 қазанда Алматыда полиция азаматтардың бір жерге жиналуына мүмкіндік бермесе де, бірнеше белсенді алаңда пікірін айтты.

Солардың бірі, митингіге 4 жасар баласымен келген белсенді Сәуле Мұхамбетова Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке жеке санкция салуды сұрады. Бір сағат бұрын оның бірінші плакатын азаматтық киім киген ер адам тартып алып, қашып кеткен еді. Ол екінші плакатын жайды. Онда Қазақстан басшыларына санкция салу жөнінде талап жазылған.

Ол шағын акция кезінде саяси тұтқындарды босатуды, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақыны өсіруді талап етті. Оның пикетіне тағы бірнеше белсенді қосылды. Олар белсенділерді қудалауды сынап, азаматтардың бейбіт түрде жиналып, пікір айтуына мүмкіндік бермеген полицейлерді сөкті.

Полиция сәкіде отырған екі ер адамды "жәй бақылап отырмыз" дегеніне қарамастан ұстап алып кетті. Алматы, 23 қазан 2021 жыл.
Полиция сәкіде отырған екі ер адамды "жәй бақылап отырмыз" дегеніне қарамастан ұстап алып кетті. Алматы, 23 қазан 2021 жыл.

Жергілікті әкімдік өкілі Бекжан Сәрсенбаев келіп, "шараның заңсыз екенін" ескертті.

Аумақта мобильді интернет әлі істемей тұр.

Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 23 қазанда митингіге шығуға шақырған. Ол әр қалаларда митинг орнын белгілеген. Алматыда Арбат пен Астана алаңы "наразылық орны" ретінде аталды. Алайда 23 қазанда аталған аумақта мобильді интернет өшірілді. Полиция ары-бері жүрген адамдардың құжаттарын тексеріп, қозғалысқа шектеу қойды. Белсенділер бір жерге топтаса алмады.

Азаттық тілшісі полицияның кемінде бес адамды ұстағанын көрді. Олар ешқандай ұран көтеріп, айқайламаған.

Қазақстанда белсенділер Батыс елдерінен жоғары лауазымды қазақстандық шенеуніктерге санкция салуға жиі үндеп келеді. Олар Нұр-Сұлтан адам құқығын құрметтеуге байланысты халықаралық пакт шарттарын орындамады, елде билікке сын айтқандарды қудалап, қамады дейді.

Жуырда ғана құқық қорғаушылар "саяси қудалау кампаниясының апогейі" деп атаған "13 белсендінің ісі" бойынша сот үкім шығып, төртеуіне бес жыл түрме жазасы берілді. Төрт азамат БҰҰ мен Еуропарламентке хат жазып, өздерінің "саяси экстремизм" бойынша заңсыз сотталғанын айтып, халықаралық ұйымдардан пікір айту еркіндігі мен сөз бостандығына қол сұғушыларға шара қолдануға, Қазақстан басшыларына санкция салуды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG