Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен ішкі істер министрлігі Gulagu.net жобасына құпия материал берген Сергей Савельевке іздеп салып, оны Ресейге экстрадициялау жөнінде құжат әзірлеп жатыр.
Gulagu.net жобасының ішкі істер министрлігіне жолдаған сауалы мен министрлік қызметкерлерінің ресми жауабы Ресейдің Сергей Савельевті экстрадициялау жөнінде құжат әзірлеп жатқанын растады.
"Азаптау конвейерін әшкере қылған адамға алғыс білдіріп, "рахмет" айтудың орнына оған іздеу салып, ұстауға әрекет жасап, қалай да Ресейге алдыртқысы келіп отыр" деп жазды Gulagu.net жобасының жетекшісі Владимир Осечкин Азаттықтың Орыс қызметіне.
"Бұл – 100 пайыз саяси шешім және бұған санкцияны Владимир Путин берген. Бұл – олардың бізге берген жауабы. Олар билікті саяси мақсатта теріс пайдаланып, шындықты айтқанның бәрін отырғызбақ. Олардың келесі қадамы Интерполға сұрау жолдау болмақ. Интерполға біз де құжат жолдаймыз, сөйтіп осы халықаралық ұйымға Ресейге мораторий жариялауды ұсынамыз" дейді Осечкин.
Жоба авторының айтуынша, Ресей жазаны атқару федералдық қызметін (ФСИН), сот-тергеу қызметін реформалап, түрмедегі азаптау жүйесін тоқтатпайынша Ресейді Интерпол қызметіне араластырмау қажет.
"Иә, біз Сергейді бермейміз" дейді ол.
18 қыркүйек күні Сергей Савельев Франциядан саяси баспана сұрады.
Қазанның басында Gulagu.net жобасы Ресей түрмесіндегі азаптауды бейнелейтін 40 гигабайт видео материалды қолға түсіргенін мәлімдеген. Кейіннен бұл архивті түрмеде жазасын өтеген Сергей Савельевтің алып шыққаны белгілі болды. Компьютерді қолдануға машықтанған Савельев Саратов облысындағы түрмеде әкімшілік жұмыстарды атқарып, бейне-бақылау жүйесіне кіре алған.
Видеолар әшкере болған соң, Ресей тергеу комитеті жеті қылмыстық іс қозғады. Ал ФСИН болса Савельев жазасын өтеген түрмелерді тексерді. Бірқатар қызметкер жұмыстан қуылды.
ПІКІРЛЕР