Accessibility links

Ирактан қайтарылған қырғыз балалары жөнінде мәлімет айтылды


Ирактан қайтарылған қырғыз балаларының ең кішісі – үште, үлкені – 18 жаста. 26 қазанда Бішкекте Ирак және Сириядан Орталық Азия аймағына қайтарылғандардың реабилитация және реинтеграциясы мәселелеріне арналған жиында осындай мәлімет айтылды.

Қырғызстан биыл жазда "Мейірім" гуманитарлық миссиясы аясында Ирактағы босқындар лагерінен 79 баланы (39 ұл, 40 қыз) елге жеткізген.

Ақпаратқа қарағанда, балалар Ирак астанасы Бағдат қаласындағы түрмеде аналарының жанында болған. 79 баланың 37-сі Сирия, Ирак және Түркияда дүниеге келген. Екі баланың туыстары Тоқмақ қаласында, қалғаны Ош (51), Жалалабад (17) және Баткен (9) облыстарынан екені анықталған.

Осыған дейін үкімет өкілдері балалармен дәрігерлер, психологтар және әлеуметтік сала мамандары жұмыс істеп жатқанын, құжаттары дайын болған кезде туыстарына берілетінін айтқан. 26 қазанда жиынға қатысқандар балалардың балабақша мен мектептерге жіберіліп, қоғамға араласу кезеңінен өтіп жатқанын хабарлады.

Жиынға Орталық Азия елдерінен мамандар қатысып жатыр. Онда Сирия мен Иракқа аймақтан шамамен 4 мыңдай адам кеткені айтылған. Ер адамдардың көбі қаза болып, әйелдері мен бала-шағалары босқындар лагеріне түсіп, кейбірі түрмеге қамалған.

Ақпаратқа қарағанда, кейінгі бірнеше жылда Сирия мен Ирактан Қазақстанға 600 бала, Өзбекстанға 200-дей әйел мен бала, Тәжікстанға 84 бала қайтарылған.

2021 жылдың 1 ақпан күнгі мәлімет бойынша, Сирияның солтүстік-шығысындағы лагерьлерде елге қайтаруды күтіп отырған 27,5 мың бала бар.

Орталық Азиядағы өзге елдері сияқты Қазақстан да 2019 жыл қаңтар айынан бастап "Жусан" операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағындағы азаматтарын қайтара бастады. Сирия мен Ирак аумағында террор топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер Қазақстанға оралған соң "террор топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты", "терроризмді насихаттады және қаржыландырды" деген айыппен сотқа тартылған.

Сириядағы соғысқа Қазақстанның қанша азаматы кеткенін дәл айту қиын. 2018 жылы шілдеде ҰҚК Азаттыққа берген жауабында Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта Қазақстан азаматы кеткенін хабарлаған.

Комитеттің 2019 жылғы қарашадағы жауабында Сирия мен Ирактан Қазақстанға 277 ересек (57 ер адам, 220 әйел адам) мен 547 кәмелетке жасы толмаған баланың қайтарылғаны, Сирияда әлі 90-нан астам азаматтың бары айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG