Accessibility links

Полициядан шыққан Мамай өзіне неліктен қылмыстық іс қозғағанын түсіндірді


Алматы қалалық полиция департаменті алдында жақтастарымен бірге тұрған тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай. 26 қазан 2021 жыл.
Алматы қалалық полиция департаменті алдында жақтастарымен бірге тұрған тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай. 26 қазан 2021 жыл.

Тіркелмеген "Демократиялық партиясының" жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай 26 қазанда кешке қарай полицияға кіріп шыққаннан кейін өзіне не үшін қылмыстық іс қозғалғанын түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, Алматы қалалық полиция департаменті белсендінің үстінен 18 қыркүйекте Абай ескерткіші маңында өткен митингіге байланысты "Билік өкілін қорлау" (378-бап, 2-бөлім) бабы бойынша іс қозғаған.

– 18 қыркүйек күнгі митингіде [партия белсендісі] Абзал Достияровты тура сол жерде арнайы жасақ ұстаған болатын. Мені жерге құлатқан. Сосын мен шығып айттым: "Осы әрекетті жасап тұрған полиция қызметкерлері отанына опасыздық жасайды. Ертең Қазақстанда Қытай экспансиясы басталса, бұлар Қытайға да қызмет жасайтын нағыз сатқындар" дедім. Міне, осы сөздер үшін 17 қазанда іс қозғаған. Филологиялық сараптаманың бәрін дайындап қойған, – деді Жанболат Мамай Азаттық тілшісіне.

Ол айтқан сөздерінен бас тартпайтынын жеткізіп, оқиғаны "саяси қысым" ретінде бағалады. "Бұл биліктің демпартия митингіге шықпасын, наразылық танытпасын деп қасақана жасап отырған әрекеті, басқаша түсіндіру мүмкін емес" деді Мамай.

– 18 қыркүйекте шыққан кезде басбұзарлықпен болмаса заңды бұзайық болмаса тәртіпсіздік жасайық, теріс әрекет жасайық деп шыққан жоқпыз. Біз ұлттық мүддені қорғап шықтық. Тәуелсіздікті қорғап шықтық. [Диссидент, ақын] Арон Атабекке бостандық талап еттік. "Сбербанкпен" жасалып жатқан келісімге қарсы шықтық. Қолымызда мегафоннан басқа ештеңе болған жоқ. Біз түскен бетте полиция тарпа бас салып, күш көрсетті. Абзалды ұрып-соғып, полиция департаментіне алып кетті. Ырысбек Тоқтасын ағамызды екі-үш күн бұрын ұстады. Дәурен мен Теміртасты екі күн бұрын қамап тастады. Мұның бәрі заңсыз. Ешқандай іс-әрекет жасамай тұрып, осындай заңсыздықтарға барды. Сондықтан мен солай деп айттым. Олар енді "қоғамдық тәртіпті қорғаған" полиция қызметкерлерін қорлады деп айыптап отыр, – деді Жанболат Мамай.

Қарай отырыңыз: "Назарбаев пен Тоқаевқа тәуелсіздікті саудаға салдырмаймыз!". Алматыдағы митинг қалай өтті? 18 қыркүйек 2021 жыл.

"Назарбаев пен Тоқаевқа тәуелсіздікті саудаға салдырмаймыз!". Алматыдағы митинг қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:16 0:00

Ол өз құқығын пайдаланып, тергеушінің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан. Саясаткер полицияға адвокаты Жанар Балғабаевамен кіріп шыққан.

Алматы полициясы әзірге іс бойынша түсініктеме бермеді.

26 қазанда күндіз Жанболат Мамай өзіне қылмыстық іс қозғалғанын, полицияға шақыртып жатқанын хабарлаған. Сейсенбі күні Алматы қалалық полиция департаментінің алдына оны қолдаған жақтастары жиналды.

Мамай бұған дейін жиырма күннен бері өзін белгісіз бір көліктердің аңдып жүргенін, оның фотолары мен видеоларын әлеуметтік желіге жариялағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG