Шымкенттегі әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау орнының алдына жиналған оннан аса адам коронавирусқа қарсы екпе салуға қарсылық білдіріп жүрген дәрігер шымкенттік белсенді Айна Бекееваны босатуды талап етті.
28 қазанға қараған түні Нұр-Сұлтандағы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Бекееваны "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен 10 тәулікке қамаған. Ол жазасын Шымкентте өтеп жатыр.
Бекееваны босатуды талап етіп келгендердің ішінде оның туыстары, жақтастары мен белсенділер бар. Жиналғандар қолдарына "Балаларды қорғап жүрген дәрігер Айна Бекееваны босатыңдар!", "Айна, біз сізбен біргеміз!", "Айнаға бостандық!" деп жазылған плакаттар ұстап тұрды.
- Біз екпе салдыруға емес, мәжбүрлеп салдыруға қарсымыз. Бұл екпе әлі тексерілген жоқ. Сондықтан оны салдыруға қорқамыз. Осыны айтып жүрген Айнаны қамап тастады. Айна Бекееваны босатуды талап етеміз! - деді белсенді Жақсылық Досқайырұлы.
Жиналғандар талабы орындалмайынша әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау орнының алдына күнде келіп, наразылық білдіретінін айтты.
"Сот кабинеті" жүйесіне жарияланған қаулыға қарағанда, Бекееваның үстінен Нұр-Сұлтандағы №58-мектеп-гимназиясының директоры Самал Нұғыманова арызданған.
Арызға сай, қазанның басында Бекеева Шымкенттен Нұр-Сұлтанға барғанда ата-анамен бірге астанадағы мектеп-гимназияға келген. Оқушының ата-анасы баласына мектеп әкімшілігі ескертусіз екпе салдырғанын айтқан. Мектеп директоры ата-ана мен Бекееваның мектеп ішіне кіруіне қарсы болған. Директор арызында Бекеева өзіне "былапыт сөз айтып", қоғамдық тәртіпті бұзғанын жазған.
Бекеева сот процесінде тағылған айыпты мойындамай, әкімшілік істі қысқартуды сұраған. Бірақ судья Элвиру Ищанова Бекееваны Әкімшілік кодекстің "Ұсақ бұзақылық" (434-бап) бабымен кінәлі деп тауып, 10 тәулікке қамаған.
ПІКІРЛЕР