Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы құқық қорғаушыларға қалада шеру өткізуге рұқсат бермеді. 29 қазанда "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook'тағы парақшасында әкімдіктің карантин талаптарын алға тартып, өтінішті қанағаттандырмағанын хабарлады.
Хатта әкімдік өкілдері қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің 17 қыркүйек күнгі N29 қаулысына сүйене отырып, қалада "карантин талаптары әлі де күшінде" екенін ескертен. Оған қалалық қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары А.Есенбеков қол қойған.
"Қалада той өткізуге болады, дәмханалар мен мейрамханалар істеп жатыр, кез келген көрме, мереке, фестивальдарға тыйым жоқ. Ал шеру өткізуге болмайды екен. Бекшин қарсы. Не ойларыңды да білмейсің. Ештеңе емес, әр апта сайын өтініш береміз" деп жазды құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина тағы бір жазбасында.
20 қазанда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов әкімдікке 20 қарашада қалада шеру өткізуге ескерту хат тапсырған. Олар өтініште Махатма Ганди алаңынан бастап, Шевченко көшесінің бойымен жүріп, Шоқан Уәлиханов алаңына дейін бейбіт шеру өткізетінін айтқан. Оған үш сағат кететінін жеткізген. Митинг тақырыбы – "Өзгерістер мен реформалар үшін!" және "Банк, сот пен жеке сот орындаушыларының ашықтығы үшін!" деп көрсетілген.
Әкімдік құқық қорғаушыларға 28 қазанда жауап берді.
Қазақстанда былтыр "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.
Бұған дейін Human Right Watch халықаралық ұйымы және басқа да құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды коронавирус пандемиясын пайдаланып, адам құқығын шектеп отыр деп сынаған.
Қарай отырыңыз: Митингіге 40 рет өтініш беріп рұқсат ала алмаған оралдықтар әкімдікті сотқа берді (3 қазан 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР