Алматыда Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушы өлімінен кейін наразылық акциясы өтті. ҚазТАГ-тың жазуынша, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары "Киімде жыныс жоқ" атты ұран көтеріп, ер балалар юбка киіп, мектеп алдында топтасып суретке түскен. Осылайша оқушылар химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің кураторы мен психологының әрекетіне қарсылық білдірген.
Бір күн бұрын агенттік дереккөзге сүйене отырып, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 8-сыныпта оқитын оқушының 11 қабаттан секіруіне ықпал етуі мүмкін жайттар жөнінде жазған. Ақпаратқа қарағанда, мектепте "Гарри Поттер" тақырыбына арналған кеш өтіп, сегізінші сыныпта оқитын ер бала әзілдеп, юбка киген. Бұған кураторы ренжіп, оны күшпен мектеп психологына апарған. Осы оқиғадан кейін оқушының биік ғимараттан секіргені белгілі болған.
Полиция "Өзіне қол жұмсауға итермелеу" (Қылмыстық кодекстің 105-бабы) бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Мектеп әкімшілігі оқиғаны "қайғылы жағдай" деп атап, оқиғаның сабақтан тыс кезінде болғанын айтқан.
28 қазанда КТК арнасына берген сұхбатында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Жанар Адамбаева қаза болған оқушының юбка кигенін жоққа шығарған. Ол жұма күні Азаттық тілшісіне "мектепте гомофобия жоқ, мектеп әкімшілігі [қаза болған] оқушыға қысым жасаған жоқ" деп айтты.
Ал Orda.kz сайтының жазуынша, мектеп оқушылары әлеуметтік желіде акцияны қолдауға шақырып, қаза болған бала "юбка кимеді" деп мәлімдеген мектеп әкімшілігі "өтірік айтып отыр" деген.
― [Қаза болған баланы] қолдау үшін акция ұйымдастырып, ер балаларға юбкамен келуге үндедік. Себебі, киім гендерлік дискриминацияға негіз болмауы тиіс. Біз қоғам назарын осы мәселеге және жасөспірімдер суицидіне аудартқымыз келеді. "Киімде жыныс жоқ", "Сен маңыздысың. Үнсіз қалма" деген слоганы бар плакаттар іліп тастадық және психологиялық проблемаға ұшыраған балалар хабарласа алатын сенім телефондарын да жазып қойдық, – деп агенттік акция ұйымдастырушыларының бірінің сөзінен үзінді келтіреді.
Оқушылар сонымен бірге мектеп әкімшілігі балалардың жеке пікірін тұншықтырмасын, "ұлдар шаш өсірмеуі тиіс, тырнақтарын алып жүруі тиіс" деген сияқты көзқарастарын тықпаламасын деген талап айтқан.
(Жаңалықты әзірлеуге Аян Қалмұрат та қатысты).
ПІКІРЛЕР