Accessibility links

Мусин цифрландыру үшін "Сберден" қарыз алу мәселесі нақты шешілмегенін айтты


Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Қазақстан цифрлық транформация үшін ресейлік "Сбербанктен" қарыз алу мәселесін әлі нақты шешкен жоқ. 29 қазан күнгі брифинг кезінде Vlast тілшісінің сұрағына жауап берген Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осылай деп мәлімдеді.

"Меморандумда Қазақстанның [Сбербанктен] несие алу мүмкіндігі ғана көрсетілген. Және оны республика емес, "Ұлттық ақпараттық технология" АҚ жүзеге асырады. Бірақ қайталап айтайын: бұл міндетті түрде несие алуымыз керек дегенді білдірмейді. Бұл небәрі мүмкіндік. Ресей тарабы [қарыз алу] мүмкіндігін ұсынды, біз оны меморандумда көрсеттік, енді оны қарастырамыз" деді Мусин.

Оның айтуынша, Қазақстан әзірге несие алуға "бейіл танытпаған", сәйкесінше оның қажеті бар ма, жоқ па, оны да білмейді. Неше пайыздық мөлшерлемемен алатыны да белгісіз.

Министр келісімге қол қоймай тұрып, әуелі техникалық міндеттемені жасау қажеттігін атап өтті.

"Жалпы концептуалды тұрғыда не қажет екенін түсінеміз. Алайда ол нақты бір құжатта жазылуы тиіс. Оны жасау үшін біраз уақыт керек" деді Мусин.

Техникалық міндеттемені әзірлеу үшін "Зерде" АҚ мен "Ұлттық ақпараттық технология" АҚ барлық мемлекеттік аппараттың ақпараттық инфрақұрылымын тексеріп, техникалық-экономикалық құжатнамасын әзірлейді. Тек содан кейін барып келісім мәселесі шешіледі.

"Шамалап айтсақ, [келісім] 2022 жылдың алғашқы тоқсанының соңында дайын болуы мүмкін. Бірақ ол кезеңге дейін бірнеше сатыдан өтуге тиіспіз және сол кезде барлығы өзгеруі мүмкін" деді ведомство жетекшісі.

Министрдің айтуынша, жобаны жүзеге асыру кезеңі үш бөліктен тұрады: алғашқы екеуін яғни, цифрлық трансформация, процесті сараптау, сервистік қамтамасыз ету, мемлекеттік дата орталығын құру және өзге міндеттерді Қазақстан мен отандық IT-мамандар жүзеге асырады. Ал үшінші бөлік "Сбербанкпен" келісім арқылы орындалады. Ол кезде лицензия мен платформаның бастапқы кодын сатып алу мәселесі шешіледі.

Бұған дейін Бағдат Мусин қоғамда дау туғызған платформаны әзірлеуге 500 млн доллар жұмсалады, ақшаның бір бөлігі ғана ресейлік "Сберге" төленеді деп айтқан. Ол жеке дерек және ұлттық қауіпсіздігі мәселерін алға тартқан мамандар мен қолданушылардың сөзін жоққа шығарып, "бұл өнімді Ресей шығарғанмен платформа толық Қазақстан жағынан басқарылады", "ҰҚК талаптарына сәйкес келеді" деп мәлімдеген.

Кейбір сарапшылар "электронды үкіметті дамыту индексі бойынша көрсеткіші жоғары Қазақстан неге өзінен кейін тұрған Ресейдің цифрлық платформасына зәру болды деген мәселе қозғаған. Олар бүкіл қазақстандықтарға тікелей қатысы бар маңызды шешімнің қоғам немесе жергілікті IT-қауымдастықсыз қабылданғанын сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG