Семей қаласының жанындағы Восход кентінің тұрғындары екі адамның өмірін қиған екі жол апатынан кейін билік өкілдерімен кездесті.
Семейдің Восход кентінде 28 қазанда кешкісін мектептен қайтып келе жатқан 9 жасар баланы жеңіл көлік қағып кеткен. Арада 15 минут өткенде, осы оқиға болған жерге таяу тұста ер адамды автобус басып өткен. Ер адам баланы қаққан көлік жүргізушісінің әкесі болып шыққан. Ол баласына қарай асығып келе жатқан. Сөйтіп екі адам сол жерде қайтыс болған.
Восход кентінің тұрғындары жол апатына әкімдік кінәлі деп санайды. Апат болған жерде жарық та, жаяу адам кесіп өтуге рұқсат беретін белгі де, тротуар да жоқ. Әкімдіктің уәде бергеніне үш жыл болған. Оның үстіне, кенттің бір жағынан екінші жағына қарай адамдар кесіп өтетін тұс "қала аумағы аяқталды" деген белгіден кейін тұр. Бұл - рұқсат етілген жылдамдық қаладағы жылдамдықтан жоғары деген сөз.
Осы мәселеге байланысты кент тұрғындары Семей қаласының әкімін кездесуге шақырды. Бірақ әкім орнына қалалық тұрғын үй коммуналдық бөлімінің бастығы келді. Оның сөзінше, әкім "қаладағы өзге де көптеген шаруадан босай алмаған".
– Жол апатын әкімдік жасаған жоқ. Жол жүру ережесі, жылдамдық режимі бар… – деп сөз бастаған Амантай Өтелбаевтың сөзін тұрғындар бөліп жіберіп, "әкімдіктің кінәсі" деп айғай салды.
– Бала көрінетіндей жарық орнатсын деп жүргенімізге үш жыл болды. Күйеуім жүргізуші. Оның сөзінше, бала түгілі, ересек адамның өзін көру қиын ол жерде. Әкімдіктің қаперсіздігінен бала өлді, қалай тыныш ұйықтап жүр олар? Дереу жарық қою орнына "жоба жасалып жатыр" деп жыл сайын бір уәдесін қайталай береді. Үй де, мектеп те жоқ Павлодар трассасына жарық қойып жүр, – деп ашуланды кент тұрғыны Гүлнар Салахутдинова.
– Өткен жылы бұл мәселені үш күнде шешетін болған. Бала өліп жатыр, ал әкімнің мұнда келуге де қолы тимейді екен. Балаларым үшін қорқамын. Неге алдайсыңдар? Әкімдік былтыр да уәде берді. Биыл да ештеңе істеген жоқ. Біз президентпен кездесеміз дегенде мәслихат бәрін жасауға уәде берді, ол да орындалған жоқ, – деді тұрғындардың бірі Қанат Жұмағұлов.
"Балаларды үлкендер алып жүру керек" деп кеңес берген Амантай Өтелбаев мәселені шешуге тағы да уәде берді.
– Бұл жолды зерделеп, жобалық-сметалық құжатын жасап жатырмыз, бағдарламаға қосамыз. Қалған көшелер 2022-2023 жылдары жасалады,-деді ол.
Өтелбаевтың сөзінше мәселені қазір шешіп тастау мүмкін емес, өйткені "ақша жоқ".
Адам өліміне жеткізген екі жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жеңіл көлік жүргізушісі уақытша қамауға алынған, автобус жүргізушінің жайы белгісіз.
ПІКІРЛЕР