Accessibility links

Навальный колониядағы қысым жөнінде: Басқа тұтқындарға қарағанда маған жеңілдеу


Ресейдің Покров қаласындағы түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальный "Дождь" телеарнасында шыққан репортажға пікірін айтты. Бұған дейін Навальныймен бірге түрмеде болған тұтқындар бостандыққа шыққаннан кейін қамаудағы саясаткерге түрме әкімшілігінің қалай қысым көрсеткенін баяндаған.

Навальный өзін өзге тұтқындардан алшақтатқанын растайды. "Дождь" телеарнасында шыққан сюжет жөнінде жақында барған адвокатынан естіп, "таңғалған".

"Мысалы, шаштаразды менімен сөйлескені үшін ұрып-соққанын естігенде таңғалдым. Біз қысқа ғана тілдескен едік. Ол қайда жоғалып кетті деп ойлаған едім" деді оппозиционер.

Ол сонымен бірге "өзге тұтқындарға қарағанда өзіне жеңілдеу" екенін атап өткен. Ол жақтастарын алаңдамауға шақырып, өзі ғана емес, Ресей түрмелеріндегі жалпы жағдайды баяндау қажеттігін алға тартқан.

"Заңсыздық, адам өлтіру, адамдыққа жатпайтын фашистік азаптаулар мұнда баяғыдан бері қалыпты құбылысқа айналған" деді саясаткер. Оның пікірінше, "мұның бәрі Путинге тиімді" .

Навальный Путинді "билікке мастанған", "психикасы сау емес" "адамның жыныстық ерекшелігіне қадалып қалған" адам деп атады.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныймен бір түрмеде отырған Нариман Османов пен Евгений Бурак есімді тұтқындар жуырда "Дождь" телеарнасына берген сұхбатында оппозиционерге қамауда қалай қысым көрсеткенін баяндаған. Атап айтқанда, оған түнде ұйықтауына кедергі келтіретінін, айналадағы тұтқындардың барлығын оған қарсы қойғанын жеткізген.

Османовтың сөзіне қарағанда, колонияда Навальныйға қысым көрсету мақсатында арнайы отряд жасақталған. Отрядтағылардың бәріне Навальныймен сөйлеспеуді, оның әрбір қадамын жазып отыруды алдын ала ескерткен.

Евгений Бурактың "Дождь" телеарнасына баяндауынша, колонияда кем дегенде он адам Навальныйды аңдып, үнемі төңірегінде жүрген. Саясаткер әжетханаға барған уақытта да соңынан қалмаған. Олар үнемі оппозиционерді арандатумен болған. Алайда Навальный олардың арандатушылық әрекетіне көнбеген.

Османовтың айтуынша, колонияда Навальныйды жазасын өтеушілер алдында жаманатты ету мақсатында фильм де көрсетілген. "Бұл дәрісті мекемедегілердің бәріне көрсеткен. Фильмдегі басты ой - оның [Навальныйдың] дәстүрлі емес жыныстық көзқараста екеніне сендіру", – дейді Османов. Оның айтқандарын Евгений Бурак та растады.

"Дождь" телеарнасында шыққан сюжет жөнінде пікірін айтқан Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Навальныйдың қандай жағдайда жазасын өтеп жатқанын тексермейді деп мәлімдеді.

  • Ресей билігіндегі жоғары лауазымды тұлғалардың жемқорлық әрекеттері жайлы түрлі зерттеу жариялап, "қылмыстарын" әшкерелеген оппозициялық саясаткер Алексей Навальный биыл қаңтар айында түрмеге қамалған. Ол былтыр тамызда қауіпті затпен уланып, Германияға ес-түссіз күйде жөнелтілген. 2021 жылы қаңтар айында елге оралғаннан кейін бірден қамауға алынды. Навальный өзін ФСБ қызметкерлері улады деп санайды. Билік Навальныйдың улануына еш қатысы жоғын айтады.
  • "Дождь" телеарнасын Ресей билігі "шетел агенті" деп танылған ақпарат құралдарының тізіміне енгізген. Редакция шешіммен түбегейлі келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG