Accessibility links

Украинаның экс-президенті "Олигархтармен күрес" заңынан кейін телеарналарды сатты


Наразылардың қарсылығына тап болып, бетіне сұйықтық шашылған бұрынғы президент Петро Порошенко жақтастарымен кездесіп жатыр. Тамыз айы, 2021 жыл. 
Наразылардың қарсылығына тап болып, бетіне сұйықтық шашылған бұрынғы президент Петро Порошенко жақтастарымен кездесіп жатыр. Тамыз айы, 2021 жыл. 

Украинаның бұрынғы президенті Петро Порошенко "олигархтардың саяси ықпалын азайтуға бағытталған" жаңа заң талаптарын орындау үшін екі телеарнаны қызметкерлеріне сатып жібергенін хабарлады. 2014-2019 жылдары Украинаны басқарған миллионер 8 қарашада жариялаған видеомәлімдемесінде өзінің сондай қадамдарға баруға мәжбүр болғанын айтты. Оның мәлімдемесі "Еуропа ынтымақтастығы" партиясының сайтында жарияланды.

Порошенко мәлімдемесінде қазіргі президент Владимир Зеленскийді "пікір еркіндігін шектеді" деп айыптады. 2024 жылы өтетін президент сайлауына қатысады делінген Порошенконың пікірінше, президент кеңсесі елдегі барлық медианы уысында ұстап тұру үшін "олигархтарға қарсы заңды" қабылдап отыр.

2019 жылғы президент сайлауында Порошенконы жеңген Зеленский жылдар бойы үкімет, бизнес, медиаға ықпал етіп, мемлекет дамуын тежеген олигархтардың ықпалын азайтуға уәде берген. 5 қарашада Зеленский қол қойған заңда олигарх ұғымына да анықтама берілген. Заңға сәйкес, ондаған миллион доллары бар белгілі бір салада монополия орнатқан, медиа активтері бар саяси ықпалға ие адамдар олигархтар санатына кіреді.

АҚШ және Еуроодақ ұзақ уақыттан бері Украинаны халық мүддесіне қайшы жұмыс істеп келе жатқан олигархтардың әрекетін тежеуге шақырып келеді. Алайда заң жобасын сынаушылардың пікірінше, аталған құжат "жеке бастың кегін алуға" жол ашады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG