Accessibility links

Маңғыстауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақыны өсіруді талап етті


Жаңаөзендегі жедел жәрдем жүргізушілерінің ереуілі. 15 шілде 2021 жыл.
Жаңаөзендегі жедел жәрдем жүргізушілерінің ереуілі. 15 шілде 2021 жыл.

10 қарашада Ақтау қаласында жедел жәрдем станция фельдшерлері мен жүргізушілері жалақыны өсіруді талап етіп, әлеуеметтік желі арқылы Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа видеоүндеу жолдады.

Онда өздерін Маңғыстау облысы жедел жәрдем станциясының фельдшерлері мен жүргізушілері деп таныстырған, арнайы киім киген бір топ адам жалақыны өсіріп, жедел жәрдем бригадалары мен фельдшерлер санын көтеруді талап етеді.

- Бұл біздің басшы [Маңғыстау облысы жедел жәрдем станциясының жетекшісі] Айларбек Шыршықбаев және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа үндеуіміз. Біз осыған дейін бірнеше рет бастығымыздан жалақыны көтеруді, бригада санын толықтыруды, бригададағы фельдшерлер санын толықтыруды қозғадық. Күнде ертең деумен, уәдемен тойдырып келеді. Бізге әкімдіктен, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан келеді, бірақ талаптар орындалмай отыр. Газ, жарық, су тәрізді коммуналдық төлемдер күннен-күнге қымбаттап барады. Біз ипотека төлеп, отбасымызды асырап жүрміз. Бірақ 100 мың теңгемен қалай өмір сүреміз? Осы мәселе ай сайын Ақтауда, Жаңөзенде, Бейнеуде көтеріледі, бірақ орындалмайды. Сондықтан үш-төрт күн уақыт береміз, болмаса жұмысты толық тоқтатуға мәжбүрміз, - дейді видеода сөйлеген жедел жәрдем қызметкерлерінің бірі.

Дәл осындай видоүндеуді сейсенбі, 9 қарашада Жаңаөзен мен Бейнеудегі жедел жәрдем станция қызметкерлері де жолдаған. Онда жаз бойы уәде етілген жалақының өсуін күткендерін, бірақ нәтиже жоқтығы айтылады. Бейнеулік жедел жәрдем станция жүргізушілері 52 954 теңге көлемінде жалақы алатындықтарын айтқан.

– Біздің видеоүндеуімізден соң Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Аманбек Жұмыров, Маңғыстау облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бастығы Руслан Бектубаев келіп сөйлесті. "Жалақыларыңды қайта қарайық, есептейік, бізге бір ай уақыт беріңдер" деді. Біз келіспедік. Жұмыс тоқтатынымыз туралы ресми ескертуді апарып тапсырдық, - деді Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем станция жүргізушісі Мұрат Белбаев 10 қарашада Азаттыққа.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлмира Әбішева жедел жәрдем жүргізушілері наразылығына журналистер аса көп қызығушылық танытпаған соң әзірге ресми хабарлама дайындамағандарын, бірақ мәлімдемені денсаулық сақтау басқармасы жасауы қажеттігін айтты.

Ал Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Аманбек Жұмыров Азаттыққа жедел жәрдем станция қызметкерлері әрекетін "наразылық" деп атауға келмейтінін айтты.

– Ол жерде наразылық жоқ. Олар тек жалақыны көтеруді сұрап жатыр. Заң жүзінде шешіледі, - деп басқарма бастығы телефон тұтқасын қоя салды. Қайта хабарласқан кезде жауап бермеді.

Биыл 14 шілдеде Жаңаөзен қаласындағы 45 жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жұмысты ішінара тоқтатып, жалақыны өсіруді талап еткен еді. Олар жалақы мәселесінің 2016 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын, кейінгі екі жылда жалақы екі рет 12 мың теңгеге ғана көтерілгенін, басқа өзгеріс болмағанын айтқан болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG