10 қарашада Оралда әкімдік алдына ондаған жүргізуші жиналып, Ресей нөмірлі көліктерді тіркеуге көмектесуін сұрады.
Жиналғандар кездесуді аймақтық полиция бастығының төрағасы Жанболат Жаншин белгілегенін айтты. Алайда жиналыс белгіленген уақытта басталған жоқ, жарты сағат өткеннен кейін әкімдік өкілі шығып, жүргізушілерден тарауын сұрады. Шенеунік "министрлік жиынына" байланысты кездесудің сағат 16.00-ге жылжытылғанын айтты. Ақпаратқа қарағанда, жиын онлайн өткен, бірақ оған жүргізушілер шақырылмаған.
Ал жүргізушілер жиналыстың бітуін күтпек болды. Оқиға орнына тағы жүздеген адам келді. Кейін олар әкімдік маңындағы Абай алаңына барды.
— Осында күтеміз, жиналысты аяқтағаннан кейін бізбен кездессін. Олардың жауаптарын естігіміз келеді, — деді жүргізушілердің бірі Ермек Темершин.
Жүргізушілер биліктен көліктерін тіркеп беруге көмектесулерін сұрады.
— Барлық салықты төлеуге дайынбыз. Тек билік көлікті осында тіркеуге мүмкіндік берсін. Армян нөмірлі көліктер тәрізді, — деді жиналғандардың бірі Асылхан Казмуллин.
Түске қарай алаңға облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Дархан Қадырәлиев келді. Ол жиналғандарды ішке кіруге шақырды. Шенеунік жүргізушілерге "заңсыз митинг" өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Кейін әкімдік залына кірген жүргізушілерге полиция департаменті бастығының орынбасары Жанболат Жаншин келді. Кездесу шамамен екі сағатқа созылды.
— Қазір айыппұл тұрағына қойылған көліктерді жүргізушілерге қайтардық. Бірақ олар көліктерді жүргізе алмайды, себебі олар тіркелмеген. Әзірге мәселе ашық, жүргізушілерге мәселені басшылар арасында көтеруге уәде бердім, алдағы уақытта қайта кездесіп, шешімді хабарлаймыз, – деді Жанболат Жаншин.
Ал жүргізушілер кездесу қорытындысына разы болмады.
Қазақстан ІІМ мәліметінше, елде Ресей нөмірі бар 210 мыңнан астам көлік тіркелген. Шамамен 80 мыңы тіркеуден өтпеген: олар Ресейде тіркеуден алынғанмен Қазақстанда есепке тұрмаған. ІІМ айтуынша, жүргізушілер жол ережесін бұзып, жауапкершіліктен жалтарғысы келеді. Ал жүргізушілер көлікті тіркеу жарнасы тым қымбат екенін, оны жеңілдету қажеттігін сұрайды.
ПІКІРЛЕР