"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы видеоны өшіруден бас тартып, сот шешімін орындамаған қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен оның әйелі, журналист Инга Иманбай тағы сотқа шақырту алды.
– 16 қарашаға Әуезов аудандық сотына шақырып жатыр. Бұл жолы шағымды сот орындаушысы түсірген екен. "Байбектің фильмін алмадың" деп мені және Инга Иманбайды жүргізуші куәлігімізден айырмақ. Заңға сәйкес, алимент төлемеген жағдайда, лицензиядан я жүргізуші куәлігінен уақытша айыруы мүмкін. Ал енді сот шешімін орындамағаны үшін жүргізуші куәлігінен айыруды сұрап, сот орындаушысының сотқа бергені – заңбұзушылық. Ең қызығы сот оны өзінің қарауына алып, 16-сы күніне сот процесін белгілеп отыр, - деді Жанболат Мамай.
Жеке сот орындаушысы Жайнара Әлсеитова сотқа түсірген шағымында "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңға сүйенген. Оған сәйкес, борышкер "мүліктік емес сипаттағы талап орындамаған жағдайда – сот орындаушысы борышкерге лицензия, рұқсат және арнайы құқық беруге уақытша тыйым салу я қолданылуын тоқтата тұру туралы сотқа ұсыныс" жібере алады.
Ол соттан Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың бұрын берілген жүргізуші куәліктерінің күшін тоқтатуды сұрап, шағым түсірген.
Белсенді мен шенеунік арасындағы дауға биыл көктемде Youtube'те жарияланған "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты зерттеу фильм түрткі болған. Онда Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрғаны", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапқаны", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін бергені" мен "пара алғаны" жайлы айтылған.
Бауыржан Байбек бұл сөздер "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс" деп фильм авторын сотқа берген.
Жазда сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеген. Ал Мамай сот үкімімен келіспей, шешімді апелляцияға беретінін айтқан. Осыған дейін сот шешімін орындамағаны үшін Жанболат Мамайға айыппұл салынған.
- Соттың шешімін орындамағанымыз үшін әр күнге 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу бойынша сот өтті. Кеше (10 қараша - ред.) - менің, бүгін – Инганың апелляциялық шағымдарымыз қаралып, шешім өзгеріссіз қалды. Әрқайсысымызға 140 мың теңгеден айыппұл салынды, - дейді Жанболат Мамай.
Қарай отырыңыз: Жанболат Мамай Байбек туралы видеоны өшірмегені үшін жазаланды (4 қазан 2021 жыл).
Жанболат Мамай мен Инга Иманбай фильмді өшірмейтіндерін, ол соттың шешіміне Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретіндерін айтады.
- Кассациядан кейін БҰҰ-ның адам құқығы бойынша комитетіне арыз түсірмекпіз. Егер комитет "ия, Байбек адал екен, сендердікі жөн болмапты" десе, өшіруге болады, - дейді Жанболат Мамай.
ПІКІРЛЕР