Accessibility links

Шетпе кентінде цемент зауыты жұмысшылары ереуілді тоқтатты


11 қарашада кешке қарай Маңғыстау облысы Шетпе кентінде германиялық HeidelbergCement компаниясының филиалы – "Каспий цемент" зауытының жұмысшылары ереуілді тоқтатты. Бұл туралы Азаттыққа ереуілдеген жұмысшылардың бірі айтты.

Зауыттағы 180-дей жұмысшы 9 қарашада ереуілдеп, жұмысқа шығудан бас тартқан. Олар компаниядан жалақыны өсіруді талап еткен еді.

- Компания бізге екі ұсыныс айтты: төменгі жалақыны 200 мың теңгеге дейін жеткізу не айлыққа 48 мың теңге қосу. Біз соңғысын қабылдадық. Бізді ереуілге шыққанымыз үшін қудаламауға, 13-жалақы мен тиісті бонус, сыйақыны кеспеуге уәде берді, - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан ереуілшілердің бірі.

Зауыт жұмысшыларының сөзінше, жұмыс өте ауыр және денсаулыққа зиян. Олар цемент шикізатын Шетпе маңындағы карьерлерден қазып алудан бастап, оны мың градусқа дейінгі пештерде күйдіру кезеңінің бәріне араласатынын айтады.

- Жалақы талабы бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр. Кейінгі айда татуласу комиссиясы, арбитраж тәрізді еңбек дауының кезеңдерінен өттік, еңбек инспекциясына жүгіндік. Айлық өте мардымсыз, 150-160 мың теңге аламыз. Ол мына қымбатшылықта және Маңғыстауда неге жетеді? - дейді жұмысшының бірі.

Азаттық тілшісі HeidelbergCement компаниясының Қазақстандағы бас менеджері Войцех Халатпен сөйлескен еді. Ол Қазақстандағы қытайлық цемент зауыттарымен бәскелестікке төтеу қиын соғып тұрғанын айтты.

- Биылдың өзінде антимонополиялық комитет бізді 33 рет тексерді. Бәсекеге төтеп беру үшін өніміміз 30-38 евро аралығында өтеді. Алатын маржамыз тым аз. Шынын айтқанда, зауыт иелері оған салған 10 миллион еуродан астам қаражатыдан әлі пайда көрген жоқ. Жұмысшылар талап еткен жалақыны 60 пайызға көтеру – оны банкрот қылу деген сөз, - деді ол.

HeidelbergCement компаниясы Қазақстанда 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Оның Маңғыстау облысынан бөлек Шығыс Қазақстан облысында, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте филиалдары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG