Accessibility links

Алматыда жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге Pfizer екпесі салына бастады


Алматыда жасөспірімдерге Pfizer вакцинасы салынып жатыр. 12 қараша 2021 жыл.
Алматыда жасөспірімдерге Pfizer вакцинасы салынып жатыр. 12 қараша 2021 жыл.

Алматыда 12-17 жастағы жасөспірімдерге және жүкті немесе бала емізіп жүрген әйелдерге коронавирусқа қарсы Pfizer екпесі салына бастады.

Батыс компаниялары әзірлеген вакцина пунктерінің бірі қаладағы N5 клиникалық емханасында орналасқан. 12 қарашада ауруханаға барған Азаттық тілшілері онда оқушылар мен бала емізіп жүрген әйелдердің жүргенін көрді. Дәрігерлер олардан бөлек, колледж студенттері мен жүкті әйелдерге де шақырту жіберген. Бірнеше сағат ішінде Pfizer вакцинасы бала емізіп жүрген екі әйел және 15-17 жастағы төрт оқушыға салынды.

Аурухана дәрігерлері Азаттық тілшісіне арнайы суытқыш құралдарда сақтауды талап ететін вакцинаның әзірге 180 дозасы жеткізілгенін айтты.

"Осыншама адам тізімде тұр. Әзірге оларға салынатын вакцинаның бірінші дозасы ғана жеткізілді. Алдағы уақытта күніне 60 адамға екпе егуді жоспарлап отырмыз" деді дәрігерлердің бірі.

Қазақстанда тіркелген алтыншы екпе – Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы Алматыға 10 қарашада жеткізілген болатын. Ақпаратқа қарағанда, әзірге Қазақстан сатып алған 4 млн доза вакцинаның 380 мыңы ғана әкелінген.

Бұған дейін екпені қажетті температурада (-60 -90 C) сақтайтын 34 суытқыш жабдық сатып алынғаны хабарланған. Қараша соңына дейін қосымша 51 тоңазытқыш әкелінеді.

Германиялық ғалымдар ойлап тауып, АҚШ-та шығарылатын бұл екпенің тиімділігі 95 пайыздан асады. Pfizer - ДДСҰ мен Еуропа алғаш мойындаған вакциналардың бірі.

Қазақстанда бұл вакцина бірінші кезекте 12-17 жастағы жасөспірімдерге және жүкті немесе бала емізіп жүрген әйелдерге салынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG