Accessibility links

АҚШ конгрессмендері Тәжікстан президентін Озоди радиосына қысымды тоқтатуға шақырды


Тәжікстан президенті атына жолдаған хат авторларының бірі Адам Шифф.
Тәжікстан президенті атына жолдаған хат авторларының бірі Адам Шифф.

АҚШ Конгресінің сегіз ықпалды мүшесі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның атына хат жолдап, Азат Еуропа/Азаттық радиосының Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) журналистеріне және олардың отбасы мүшелеріне қарсы қысым мен қорқытып-үркітуді тоқтатуға шақырды.

"Біз, Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландыратын АҚШ Конгрессінің мүшелері, Озоди радиосының қызметкерлеріне шабуыл жасалып, олардың кәсібіне жасанды түрде тосқауылдар болып жатқанына алаңдаушылық білдіреміз. Бұл АҚШ пен Тәжікстан арасындағы келісімдер үшін кері нәтижесін беруі мүмкін" деп жазылған конгрессмендердің хатында.

Былтыр сәуірде Конгресс мүшелері — демократ Адам Б. Шифф (Adam B. Schiff) пен республикашыл Стив Шабо (Steve Chabot) да тәжік билігін Озоди радиосының қызметіне кедергі келтіруді тоқтатуға шақырған.

Тәжікстанның қауіпсіздік органдарының қызметкерлері Озоди радиосының журналистеріне қызметінен бас тартып, болмаса ауыр салдары болатынын ескертіп келеді. Сонымен бірге оларға үнемі қорқыту-үркіту тактикасын да қолданады.

Қазір Озоди журналистерінің көбіне аккредитация үш айлық мерзімге беріледі.

Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі 2019 жылдың сәуір айынан бері жергілікті студенттердің Озоди радиосының Душанбедегі кеңсесіне тәжірибеден өтуге рұқсат бермей келеді.

Хаттың соңында АҚШ Конгрессінің мүшелері тәжік президентін Озоди радиосы өлкеде еш кедергісіз жұмыс істеуге жағдай жасап, барлық журналистерге аккредитация беруді талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG