Павлодардағы АП-162/3 мекемесінде қамауда отырған азаматтық белсенді Ербол Есхожиннің әйелі оның мерзімінен бұрын босатуды сұрап жазған арызының ұшты-күйлі жоғалғанына шағымданады. Ол 13 қарашада Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасына полиция қызметкерлерінің өз қызметін дұрыс атқармай жатқаны туралы шағым түсірді.
Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған Ербол Есхожиннің әйелі Эльвира Оразова бір аптадан бері күйеуінің мерзімінен бұрын босатуды талап етіп жазған арызын іздеп таба алмай жүргенін айтты.
– Ербол жазасын өтеп жатқан АП-162/3 мекемесіне хабарлассам, арыз "Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінде жатыр" дейді. Ал ол жерде менен құжаттың нөмірін сұрады. Құжаттың нөмірін Павлодардағы мекеме айтудан бас тартып отыр. Мен амалсыздан полиция қызметкерлерінiң әрeкетіне прокуратураға шағым түсірдім. Оны кезекші прокурор қабылдап алды, - дейді ол.
Эльвира Оразованың сөзінше, күйеуі арызды 22 қазанда жолдаған. Ол өзінің бұл арызға мерізімінен бұрын шыққан соң қай мекенжайда тұратынын және қайда жұмыс істейтіні туралы кепіл хат тапсыруы керектігін айтады.
Азаттық тілшісі АП-162/3 мекемесіне қоңырау шалған еді. Өзін кезекші Жексенова деп таныстырған адам мекеме басшысы Қуаныш Қойшыбаевтың демалыста екенін айтып, оның орынбасарына хабарласуды ұсынды. Азаттық тілшісі АП-162/3 мекеме басшысының орынбасары Мақсат Шахмановқа бірнеше рет қоңырау шалғанымен телефон тұтқасын ешкім көтермеді.
44 жастағы Ербол Есхожин Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1-2 тармағы бойынша ("қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты және ұйымдастырды") айыпталған. Нұр-Сұлтанның №2 Сарыарқа аудандық соты биыл 3 тамызда азаматтық белсендіні 2 жыл 6 айға қамау туралы үкім шығарды. Бұдан бөлек, оған 5 жылға дейін бейбіт жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған. Белсендінің өзі тағылған айыппен келіспейді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Ербол Есхожинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.
Бұған дейін әлеуметтік желіде "Ербол Есхожиннің Павлодар түрмесінде соққыға жығылғаны жөнінде" хабар тараған. Ресми орындар "белсендіге қысым жайлы ақпаратқа" әзірге жауап бермеді.
Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 405-бабымен айыпталған ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") адам көп. Олардың нақты саны белгілі болмағанымен құқық қорғаушылар 300-ден асатынын айтады.
Олардың көбі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына байланысты айыпталған. Сот аталған екі ұйымды да "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салынған. Алайда Еуропарламент екі ұйымды да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Екі ұйымға шыққан сот қаулылары жарияланбады.
ПІКІРЛЕР