Бүгін, 15 қарашада Ақтөбе фермерлері митингіге шықты. Жергілікті әкімдік рұқсат берген бұл наразылықта ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалар айтылды. Ақтөбе фермерлерінің қауымдастығы ұйымдастырған акцияға жүз шақты адам қатысты. Наразылардың арасында Қарағанды мен Батыс Қазақстан облысының фермерлері де болды.
- Бізде судың жайы қиын. Қуаңшылықтан мал шығыны көп болды. Өзімнің 17 бас ірі қарам арам өлді. Мал ішетін суды айтпағанның өзінде кей ауылдарда ауыз су да жоқ. Халық суды өзеннен ішіп отыр, - дейді Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданынан келген Талғат Бәйкенов.
Фермер Арман Әшімовтің сөзіне қарағанда, биыл Қарағанды облысында дала өрті көп болып, шаруалар жайылым мен шабындықсыз қалған. Қарағандылық фермерлер мемлекет қолдауына зәру.
- Жем-шөп субсидиясы әр аймақта әртүрлі төленеді. Ақтөбеде ірі қараға 30 мың, Қарағандыда 5 мың теңгеден берілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі о баста ірі қараға 30 мың, жылқыға 25 мың теңге, қойға 5 мың теңге беріледі деген болатын. Облыстан субсидия сұрасаң "бізде ақша жоқ, министрлік ақша бөлмейді" дейді. Министрлік облысқа сілтейді. Осылайша фермерлерді дал қылып қояды. Шаруалардың наразылығынан соң Қарағанды облысында биыл 200 миллион теңге субсидия бөлінді. Бұл тым аз. Осы себепті ірі қараға 5 мың теңгеден беріліп жатыр. Оның өзін қуаңшылықтан зардап шегіп отырған шаруа қожалықтары ғана алды, - дейді Арман Әшімов.
Рұқсат етілген митингіге қатысушылар Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігіне отыз шақты талап қойып отыр. Оның ішінде субсидия мәселесінен өзге жер құнарын арттыру туралы арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігі, дала өртімен күресу үшін арнайы техника бөлу сияқты талаптар бар.
Фермерлер наразылығын әкімдік өкілдері сырттай бақылап тұрды. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Панабек Бимұратов фермерлер қойған талаптар "ішінара орынды" деп санайды. Оның айтуынша, тек мал өсірушілерді қолдау үшін биыл облыс бюджетінен 14 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақтөбе облысында сегіз мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Оның 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысады.
ПІКІРЛЕР