Accessibility links

Прокурор "ҚДТ жұмысына араласты" деп айыпталған белсенді Оқасовтың бостандығын шектеуді сұрады


Белсенді Орынбай Оқасов сотта тұр. Орал, 16 қараша 2021 жыл.
Белсенді Орынбай Оқасов сотта тұр. Орал, 16 қараша 2021 жыл.

Оралдағы сотта прокурор "ҚДТ мен Көше партиясы жұмысына араласты" деп айыпталған (Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы) белсенді Орынбай Оқасовтың бас бостандығын екі жылға шектеуді сұрады.

Прокурор Өтегенов жарыссөз кезінде Оқасов желіде "ҚДТ пен Көше партиясын қолдайтын экстремистік сипаттағы" жазбалар жиі жариялағанын баса көрсетті. Бұған қоса, прокурор белсенді Оқасов 2021 жылы 28 ақпанда рұқсат етілген бейбіт митингіде "бірінші президенттің саясатын сынап", ҚДТ-ның шетелде тұратын лидері Мұхтар Әблязовты "қолдағанын" айтты.

Прокурор Орал қаласы әкімдігі рұқсат берген митингіні "ҚДТ-ның ісі" деп атап, бейбіт митингідегі айтылған сөздердің "қоғамға қауіпі бар" деді.

Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент резолюциясында бұл екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Прокурор соттан Оқасовты айыпты деп тауіп, екі жылға бас бостандығын шектеуді және үш жылға саяси, экономикалық жазбалар, комментарийлер жазуға тыйым салуды сұрады.

Ал Оқасов жарыссөз кезінде айыпты мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.

Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, өзі де бір адамдық пикеттер ұйымдастырып жүрген белсенді. Бірнеше рет ұсталып, қудалауға ұшыраған. Шілдеде Оқасов өз үйінде "саяси тұтқындарды" қолдап, аштық жариялап жатқанда ұсталған. Сол күні ол "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" (Әкімшілік кодекс 488-бап) деген айыппен қамалды. Кейін оның қамаудағы уақыты екі рет ұзарды.

Белсенді қамаудан шыққан күні қайта ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу соты оны тергеу кезінде уақытша изоляторға қамау туралы шешім шығарды. Біраз уақыттан соң ол үйқамаққа ауыстырылды.

Құқық қорғаушылардың есебінше, Қазақстанда ҚДТ мен "Көше партиясы" жұмысына араласты деген айыппен 300-дей адам қуғындалған. Ұйым қолдаушылары бұл қудалаудың саяси астары барын, қозғалыстың мақсаты елдегі авторитарлық режимге нүкте қойып, парламенттік басқару жүйесіне көшу екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG