Теміртауда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының 2022-2025 жылдары өндіріс көлемін ұлғайту жоспарына орай ауаға шығаратын зиянды қалдықтар көлемі мәселесіне арналған қоғамдық тыңдау өтті. Шараның "компания ғимаратында өтетіні, қатысушылардың Zoom арқылы онлайн қосыла алатыны" хабарланған.
Алайда бірнеше адам – экологтар, белсенділер мен журналистер шараға ертерек келгенімен өздерін ол жаққа кіргізбегенін айтты. Олардың бірі әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, өздерін кіргізбей жатқанын хабарлады. Тек осыдан кейін олар тыңдауға онлайн түрде қосылды.
Одан бөлек, өзге азаматтар да тыңдауға онлайн қатыса алмай жатқанына шағымданды. Артынша ұйымдастырушылардың тыңдауға қатысатындар санын жүзден асырмау жөнінде шектеу қойғаны белгілі болды. Ақыры тыңдауға шамамен 90 адам ғана қосыла алды, арасында компания қызметкерлері де бар.
Компания өкілдері тыңдауға қатысқысы келгендер алдын ала хабарласып, жазылуы тиіс болатын деп мәлімдеді. Ал экобелсенділердің айтуынша, қоғамдық тыңдау жүргізу ережесінде ондай талап жоқ.
— Жоба дұрыс таныстырылмады, қоғам өкілдеріне қазір мемлекеттік экологиялық сараптамада жатқан жобаға қатысты сұрақтар дайындауына мүмкіндік берілмеді. Ал қатысушыларды қоғамдық тыңдауға жібермеу Экология кодексі, Орхусс конвенциясына қайшы. Мұны хаттамаға енгізуді сұраймын. Ұйымдастырушы қоғамдық тыңдауды тезірек өткізіп жіберуге тырысты, — деді қоғам өкілі, "Экомузей" қоғамдық ұйымының өндіріс бойынша директоры Екатерина Оборина.
Экобелсенділердің айтуынша, ұйымдастырушылар жобаның қоршаған ортаға әсері толық жазылған деректі жарияламаған. Олар маңызды ақпараты алынған жобаның ықшамдалған нұсқасын ғана жариялаған. Сол себепті олар тыңдауды жарамсыз деп тануды және оны қайтадан өткізіп, жоба жайлы толық мәлімет беруді талап етті. Сонымен бірге хаттамаға айтылған ескертулер мен ұсыныстарды енгізуді ұсынды.
— Жұрт Теміртауда жылына қанша тонна зиянды қалдық шығатынын білгісі келеді, — деді қоғам өкілі Шыңғыс Лепсібаев.
Белсенділердің айтуынша, жобада қалдықтарды азайту жоспары, зиянды қалдық көздері көрсетілмеген, есептеу әдісі де жоқ. Қатысушылар сонымен бірге санитарлық-қорғау аймағында ережелердің сақталуын тексеру мүмкіндігі жоғын да алға тартты. Ал компания тұрғындарға өздері білгісі келетін ақпараттарды комбинаттан сұрай алатынын жеткізді.
— Өкінішке қарай, қоғамдық тыңдауға жобаның әлі дұрыс өңделмеген нұсқасы жүктелген, бірақ мемлекеттік экологиялық сараптамаға толықтырылған нұсқасы берілді, — деді "АрселорМиттал Теміртау" бас экологы Мадина Қуантаева.
Тұрғындардың көп сұрағынан кейін компания экологы комбинат 2022 жылы – 245 мың тонна зиянды қалдық, 2023 жылы – 249 мың, 2024 жылы – 260, 2025 жылы – 2042 мың тонна зиянды қалдық шығаратынын айтты.
Қоғамдық тыңдау бір жарым сағатқа созылды. Бірақ кейбір адамдар сөйлегісі келгенмен мүмкіндік берілмеді. Табиғи ресурстар басқармасының өкілі тыңдауды жабық деп жариялап, тыңдау жарамсыз деп танылсын деген қорытынды жасады.
— Тұрғындар мен қоғам өкілдері материалдар әлі толық дайын емес деп санайды. Сол себепті қоғамдық тыңдауды қайтадан ұйымдастыруды ұсынамын. Жобаны толықтырып әкелулеріңізді өтінемін, — деді Табиғи ресурстар басқармасының бас маманы Надежда Гермаш.
Қоғам өкілдері қалдықтарды азайтудың нақты кестесін де көрсетуді талап етті. Компанияның бас директоры Биджу Наир 2025 жылға қарай халық ауа тарайтын зиянды қалдықтар көлемін көре алады деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР