18 қарашада Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты азаматтық белсенді Орынбай Оқасовқа үкім оқыды. Сот оны "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" (405-бап, 2-бөлімі) деп танып, бостандығын бір жылға шектеді.
Судья Қайрат Өтешовтің айтуынша, Оқасовтың кінәлі екендігін оның "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясының" (аталған екі ұйымды Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйымдар" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) митингілері мен акцияларына қатысқаны", "әлеуметтік желіде митингілер жөнінде жазбалары" дәлелдеген.
Айыптау тарабы мен соттың айтуынша, бұл "қоғамда наразы көңіл-күйді қалыптастырып", "азаматтарды саяси бағынбаушылыққа жетелейді".
Қылмыстық істегі негізгі эпизодтардың бірі биыл 28 ақпанда Оралда өткен бейбіт митингімен байланысты. Оқасов осы митингіге қатысқан. Айыптау тарабы "акцияны ҚДТ ұйымдастырды" деп санайды. Олардың болжамынша, Оқасов митинг кезінде "бірінші президенттің саясатын сынап", шетелде тұратын ҚДТ жетекшісі Мұхтар Әблязовты "қолдаған", "саяси тұтқындарды босатуды талап еткен".
Орынбай Оқасов тағылған айыптарды мойындамады. Оның адвокаты Жанболат Көлжанов үкімді апелляцияға беретінін айтты.
Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, өзі де бір адамдық пикеттер ұйымдастырып жүрген белсенді. Бірнеше рет ұсталып, қудалауға ұшыраған. Шілдеде Оқасов өз үйінде "саяси тұтқындарды" қолдап, аштық жариялап жатқанда ұсталған. Сол күні ол "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" (Әкімшілік кодекс 488-бап) деген айыппен қамалды. Кейін оның қамаудағы уақыты екі рет ұзарды.
Белсенді қамаудан шыққан күні қайта ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу соты оны тергеу кезінде уақытша изоляторға қамау туралы шешім шығарды. Біраз уақыттан соң ол үйқамаққа ауыстырылды.
Құқық қорғаушылардың есебінше, Қазақстанда ҚДТ мен "Көше партиясы" жұмысына араласты деген айыппен 300-дей адам қуғындалған. Ұйым қолдаушылары бұл қудалаудың саяси астары барын, қозғалыстың мақсаты елдегі авторитарлық режимге нүкте қойып, парламенттік басқару жүйесіне көшу екенін айтады.
ПІКІРЛЕР