Accessibility links

"Жағдайы тұрақты, бірақ ауыр". Михаил Саакашвили әскери ауруханаға ауыстырылды


Саакашвилидің Грузияға оралғаннан кейін 20 күн ішінде болған оқиғалар.
Саакашвилидің Грузияға оралғаннан кейін 20 күн ішінде болған оқиғалар.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили әскери госпитальға ауыстырылды, ол 50 күнге созылған аштық акциясын тоқтатады. Бұл жөнінде оның заңгері мен дәрігері хабарлады.

Саясаткердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнгені жайлы ақпарат жиілеген шақта Саакашвили 19 қарашада түнде түрмеден Гори қаласындағы әскери ауруханаға жеткізілген. Оның алдында заңгері Ника Гварамия 53 жастағы саясаткер өзін әскери ауруханаға әкетсе, аштық акциясын тоқтататынын айтты деген.

"Саакашвили өзін Гори әскери ауруханасына ауыстыруға келісті және сол жаққа жеткізілгеннен кейін аштық акциясын аяқтайды" деді Гварамия.

Оның жеке дәрігері Ноколоз Кипшидзенің айтуынша, Саакашвили аурухананың реанимация бөліміне жатқызылғаннан кейін бірнеше анализ тапсырған. Дәрігер оның жағдайын "тұрақты бірақ ауыр" деп бағалайды.

Бір күн бұрын түрме ауруханасына адвокаты барған кезде Саакашвили есін жоғалтқан. Қоғамдық қорғаушылар кеңсесі құрған медициналық сарапшылар тобының айтуынша, саясаткердің асқазаны және жүйкесі ауырады.

Михаил Саакашвили қыркүйектің соңында – жергілікті атқару органын сайлау қарсаңында еліне оралған. Ол азаматтарды сайлауға баруға үндеп, сайлаудың ертесінде Тбилиси орталығына жиналуға шақырған. Алайда артынша қамауға алынып, саясаткер аштық жариялады. Оған президент болып тұрғанда, қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Қазір оның үстінен тағы бір іс қозғалды.

Саакашвили өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істерді жабуды талап етті. Кейін аштықтан денсаулығы нашарлап, өзін кәдімгі ауруханаға жеткізуді сұрады. Алайда саясаткердің емдеу жөнінде талабы көпке дейін орындалған жоқ.

Оппозиция Саакашвили саяси жүйемен қуғындалып жатқанын айтып, бірнеше депутат оны қолдап аштық жариялаған.

Еуроодақтың бірқатар заң шығарушылары Латвия және Украинаның бұрынғы президенттері грузин билігін Саакашвилиді бостандыққа шығаруды талап етті.

Саясаткерді босату үшін грузин президенті оған рақымшылық жасауы тиіс. Бірақ президент Саломе Зурабишвили ондайға бармайтынын айтып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG