АҚШ-та сот алқасы Висконсинде полицейлердің күш қолдануына қарсы наразылық кезінде екі адамға оқ атқан 17 жастағы Кайл Риттенхаусты ақтады. The Milwaukee Journal Sentinel басылымының жазуынша, сот оны "өзін қорғау үшін оқ атты" деп таныған. Іс АҚШ қоғамында резонанс тудырды.
Оқиға былтыр тамыз айында Кеноша қаласында болған. Полицейлердің күш қолдануына қарсылық акциясы тәртіпсіздікке ұласып, оған BLM және "Антифа" сияқты солшыл қозғалыс өкілдері қатысқан.
Риттенхаус Кеношаға өзін-өзі қорғау отрядының құрамында аумақты бақылау үшін көрші Иллинойс штатынан барған. Отряд құрамындағылардың басым бөлігі оңшыл көзқарасты ұстанады. Наразылық кезінде Риттенхаусқа бірнеше адам тап беріп, жартылай автомат винтовкасын тартып алуға тырысқан. Риттенхаус екі адамға оқ атып, пистолеті бар үшіншісін жаралаған.
Айыптау тарабы Риттенхаусты алты айып бойынша (арасында "Қасақана адам өлтіру" бабы да бар) кінәлі деп танып, өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал қорғау тарабы оның өзін қорғау үшін оқ атуға мәжбүр болғанын айтты.
Риттенхаусты АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп қолдады. Ал қазіргі президент Джо Байден сайлауалды кампаниясы кезінде нәсілшілдікті айыптап, видеодағы тинейджер образын пайдаланған. Үкім шығар алдында ол сот алқасынан екі президенттің позициясын ескермеуге шақырды.
Сот үкімі шыққаннан кейін Джо Байден сот алқасының үкімін құрметтейтінін айтты.
Оның айтуынша, айыпталушының ақталғанын естіген жұрт "ашуланып, уайымдауы мүмкін", бірақ үкімге қарсы адамдар пікірлерін бейбіт, күш қолданбай айтуы тиіс. Осыған дейін Висконсиндегі оқиға бойынша ақтау үкімі шықса, жаппай тәртіпсіздік болуы мүмкін деген қауіп айтылған.
ПІКІРЛЕР