22 қарашада Ақтөбе облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Базаров Бестамақ ауылындағы сиырлар аусылмен емес ринотрахеитпен ауырған деп мәлімдеді.
- Алға ауданы Бестамақ ауылындағы ауру малдың қанын ветеринария жөніндегі ұлттық референт орталығына жолдадық. Ол жақтан ірі қараның ринотрахеитпен ауырғаны туралы қорытынды келді. Аусыл расталған жоқ. Ринотрахеит – жұқпалы ауру. Оны жұқтырған малдың мұрнынан су ағады, - дейді Иса Базаров.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, Бестамақта ринотрахеит алдымен жеті, кейін 35 сиырдан табылған. Ауру мал оқшауланғаннан кейін толық сауығып кеткен.
22 қараша түске дейін Алға ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Ермағамбетов жергілікті журналистерге Бестамақ ауылында ринотрахеит ауруынан алты сиырдың арам өлгенін айтқан. Түстен кейін шенеунік өзі таратқан ақпаратты жоққа шығарып, мал өлімі тіркелмегенін, ауырған мал саны алтау екенін хабарлады.
Ақтөбе облысы ветеринария басқармасы ринотрахеит инфекциясын ірі қараның қайдан, қалай жұқтырғанынан білмейді.
Бірақ Бестамақтың кейбір тұрғыны әкімдік өкілдерінің сөзімен келіспейді. Мәселен ауыл тұрғыны Гүлжан Айтжанова
- 5 қарашада ветеринар жігіт Бестамақтағы сиырларға ыждағаттап вакцина салып шықты. Содан бірер күн бұрын ел арасында "аусыл тарап жатқан көрінеді" деген сыбыс болған еді. Екі сиырыма вакцина салуға келген ветеринардан "бұл не?" деп сұрадым. Ол "аусылдың алдын алатын вакцина" деді. Екі-үш күн өткен соң екі сиырымның бірі өрістен ауырып келді. Аузынан ақ көбік ағып, жем-шөп жемей қойды. Тіпті су да ішпей қойды. Дереу Ақтөбеден "Септо-спрей" алдырып аузына шаштым. Жеміне сеуіп бердім. Суына "марганцовка" (калий перманганатын - ред.) қостым. Қорада үнемі қара тұз тұрады. Соны жалады. Сиырымды өз бетімше емдеп алдым. Енді "бұл аусыл емес, басқа ауру" деп жатыр. Мен оған сенбеймін, - дейді ол.
Өткен сенбі күні Азаттыққа сұқбат берген Бестамақ ауылының тұрғындары мен ауыл әкімі сиырлардың аусыл жұқтырғанын, ауыздарынан ақ көбік ағып, күйіс қайтарудан қалғанын, екі күн ішінде салмақ тастап жатқанын айтқан еді. Індет қазан айының соңында тарай бастаған. Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулеталин ірі қара індетті көршілес Хромтау ауданымен шектесетін өрістен жұқтырып келген деген.
ПІКІРЛЕР