Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев биыл ресми түрде Жаңаөзен оқиғасын еске алу шарасы өтпейтінін айтты. 25 қарашада Азаттық тілшісіне сұрағына жауап берген облыс әкімі осылай деп мәлімдеді.
– Ресми түрде еске алу оқиғасы болмайды. Әрине, қайтыс болған адамдарға халқымыздың дәстүрі бойынша садақа беру, ас арнау мәселелері болады. Отбасыларында сондай шаралар өтеді. Өздерінің қызмет атқарған мекемесінде осындай шаралар өткіземіз деген жоспарлары бар. Ал ресми түрде жаппай, облыс деңгейінде ондай шаралар болмайды, – деді Нұрлан Ноғаев.
Азаттық тілшісінің Жаңаөзен оқиғасы жайлы сұрақтарына жауап берген әкім "өңірде айтар басқа да жағымды жаңалықтар бар" деп 10 жыл бұрынғы қантөгіс төңірегіндегі мәселелерді айналып өтуге тырысты.
"Қоғамда Жаңаөзен оқиғасына қатысты шындық әлі ашылмады, оған кінәлілер жазаланбады деген пікір бар. Осы жөнінде не айтар едіңіз?" деген сұраққа әкім:
- Жаңаөзен оқиғасы бойынша қажетті бағалау түсініктімелер берілді. Заңның аясында қабылданған шешімдер бар. Сот шешімдері бар. Сот үкімі бар. Мен атқарушы биліктің өкілі ретінде соттың шешіміне ешқандай да түсініктеме беріп, оған күмән келтірмеймін, – деді ол.
Ол сот үкімімен келіспегендер қайтадан шағым бере алатынын айтты.
- Негізінен байқап отырсаңыздар, Маңғыстауды тек Жаңаөзенмен байланыстырады. Ал Маңғыстауда басқа елдімекендер бар. Басқа да айтар жағымды жаңалықтар бар. Жаңаөзеннің өзінде де жақсы жаңалықтар жеткілікті. Тағы да айтамын: біз Жаңаөзенде қайтыс болған адамдардың рухын сыйлаймыз. Зардап шеккен адам 72 дедік, оларға қажетті деңгейде қолдау көрсетіп келе жатырмыз. Жалғыз бұл оқиға ғана емес, Жаңаөзенде болып жатқан басқа да оқиғаларды айтқан жөн болар, – деді әкім.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.
Бірнеше жыл бұрын ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.
Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.
ПІКІРЛЕР