Accessibility links

Бақытжан Төреғожина: Атабек "Назарбаевтан ештеңе алмаймын" деп зейнетақыдан да бас тартқан еді


Арон Атабектің түрмедегі кезі. 2021 жылдың тамызы.
Арон Атабектің түрмедегі кезі. 2021 жылдың тамызы.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, биыл түрмеден шартты жазамен босап шыққан диссидент ақын Арон Атабек 68 жасында қайтыс болды. Атабек түрмеде отырғанда оның құқығын қорғаумен айналысқан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттыққа бақилық болған диссидент ақынның түрмегі қарсылығы мен ахуалын, өлеңдері мен хаттары жайлы айтып берді.

"АРҚАЛЫҚ ТҮРМЕСІНДЕ АТАБЕКТІҢ БАСЫНА ҚАП КИГІЗДІ"

"Ар. Рух. Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Төреғожина Арон Атабектің құқығын қорғаумен 2012 жылдан бастап белсене айналыса бастағанын айтады. Ол Атабектің қамаудағы жағдайын қоғамға, халықаралық ұйымдарға хабарлап, биліктен диссидент ақынды түрмеден босатуды бірнеше рет сұраған еді.

*

1 қазанда Павлодардың №2 соты Арон Атабектің жазылмайтын дертке шалдығуына байланысты жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, түрмеден босатқан еді. 15 жылын түрмеде өткізген ақын бостандыққан шыққан соң Алматыға оралған. Кейін оның жағдайы күрт нашарлап, ауруханада жансақтау бөлімінде бір айдай жатты. 24 қарашада қарындасы Рәзия Нұтышева Арон Атабектің (тегі – Едігеев, Атабек – шығармашылық лақап тегі) ауруханада жүрегі тоқтағанын айтты. Марқұм 26 қарашада Алматыда жерленеді.

Арон Атабек және Шаңырақ оқиғасы жайлы мына сілтемеден оқи аласыз.

- 2012 жылы Арон Атабек Қаражал қаласындағы түрме карцерінде отыр еді. Бізге Атабек қарсылық білдіріп шалбарын өртеген деген хабар жетті. Ал ерегіскен түрме қызметкерлері тамақты кішкентай терезе ойығынан күрекпен береді екен. Дереу қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне шағым түсіріп, адвокат жалдадық.

Осыдан соң Аронға түрмеде жасалған жағдайдың нормаға сай келмейтінін мойындады. Қамаудағы орнын жақсартты, бірақ ол бәрібір қарсылық көрсете берді. Өзін кінәлі сезінбегендіктен қылмыстық атқару жүйесі комитеті қандай жағдай жасаса да қарсы болды. Кезекті конфликтіден кейін Арқалық түрмесіне жіберді, сонда бір жарым жылға жуық отырды. Арқалық түрмесінде бір мезгіл таза ауаға шығарғанда басына қап кигізіп қойды. Біз оның ойдан шығарылған себептермен Қаражал түрмесінен Арқалыққа ауыстырылғаны туралы шағым түсіргеннен кейін Павлодар түрмесіне ауыстырды. Барлық уақытта камерада жалғыз отырды. Сот үкімі бойынша ол әдеттегідей колония барагында отыруға, адамдармен сөйлесе алатындай мүмкіндігі болуы тиіс еді.

Оны не себептен жалғыз қамайтынын анықтауға да тырыстық. Сөйтсек Арон Атабектің жалғыз өзін бөлек қамау туралы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің құпия бұйрығы бар екен. Ол бұйрықты бірнеше рет сұрастырдым, бермеді. Сол себепті Арон қатаң режимдегі тұтқын ретінде отырды. Павлодарға ауыстырғанда денсаулығы нашарлады. Маған жазған хатында басы мен аяғы ауыратынын айтатын. Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне Аронға жөні түзу ем керек деп талай рет хат жаздым. Оған дәрігерлер де барды. Бірақ дәрігерлерден де бас тартты, сенбеді.

Кейін мен қайта-қайта талап ете берген соң Арон отырған камераны жөндеп, унитаз қойды, өйткені тізесі бүгілмейді ғой. Оның "подвалдағы" камерасына күн түспейтін, сыз болатын, сәл тәуірлеуіне ауыстырып, камераны жөндеді. Содан соң өте көп уақыт жалғыз отырды. Біз бұл жөнінде де шағым түсірдік. Бұл мәселені БҰҰ-ға дейін жеткіздік. Тұтқындарды азаптау, оларға қатыгездік көрсетпеу мәселесі бойынша Қазақстан есеп беріп жатқанда Арон Атабек мәселесін көтердік. Содан кейін оны төрт адамдық камераға ауыстырды. Бірақ ол да 1,5-2 айдан аспады. Тағы да жалғыз қамап тастады.

Арон Атабектің Бақытжан Төреғожинаға жазған хаттары
Арон Атабектің Бақытжан Төреғожинаға жазған хаттары

Ол дәрігерлерге сенбеген соң павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова екеуміз жеке клиникалардың дәрігеріне қаралуға көндірдік. Бастапқыда келіскенімен кейін айнып қалды. Денсаулығы күрт нашарлап, әбден арыған кезде Павлодар ауруханасына жатқызылды.

Керек заттарды сатып алу үшін интернет арқылы ақша жинап, Павлодар түрмесіндегі жеке шотына салып жүрдім. Ол жерде айына екі айлықтық есептік көрсеткішке дейін алуға болады. Жүзім, өрік сияқты витаминдері бар, салмағы 14 келілік сәлем-сауқытты бірнеше рет салдым. Кейін Америка қазақтары көп заттар салып жіберді. Оны алдым деді. Қалай, қаншасын алғанын анық білмеймін.

Азаттық: Арон Атабек түрмеде болғанда дәрі-дәрмек кіргізе алдыңыздар ма?

Бақытжан Төреғожина: Дәрі-дәрмек кіргізеді. Аронның негізінен аяғы, кейінгі кездері іш құрылысы ауырып жүрді. Елена Семеноваға ақша жіберемін, ол дәрі сатып алып, гуманитарлық көмек ретінде кіргізеді. Атабектің денсаулығы нашарлағаны, тиісті ем-дом алмайтыны, көп уақыт жалғыз отырғаны жөнінде БҰҰ-ға бірнеше рет жаздық. БҰҰ бұл мәселе жөнінде алаңдаушылығын білдіріп, осыдан 5-6 жыл бұрын Арон Атабектің түрмедегі жағдайын жақсарту жөнінде Қазақстанға ұсыныс жасады.

Азаттық: Арон Атабекпен қалай хат-хабар алыстыңыздар?

Бақытжан Төреғожина
Бақытжан Төреғожина

Бақытжан Төреғожина: 2012 жылдан биыл 2021 жылдың 1 қазанында босап шыққанға дейін менің өзім де, менің ұйымым және тағы басқа көптеген адамдар Арон Атабекке апта сайын "Жас Алаш", "Дат" және Ресейдің "Новая газеталарын" салып тұрдық, өзі туралы жазылған материалдың бәрін жіберуге тырыстық. Кітап жібердік. Біз оның екі кітабын шығардық. Біреуін Лондоннан Альфия Нақыпбекова ағылшын тілінде шығарды. "Арон Атабектің лирикалық өлеңдері" дейтін екінші кітабын Әбділда Мұқашев шығарды. Бұл кітаптар таратылды, сатқан жоқпыз. Өзіне де жібердік. Осы жылдар ішінде павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова Арон Атабекке көп көмектесті. Ақша мәселесіне байланысты адвокат жіберу қиын еді, сондықтан Елена Семеноваға мүмкіндігіңізше барып тұрыңызшы деп өтініш жасадым.

Атабек өлеңдерін 24 бөлімнен тұратын "Абсурдистан" деген сериямен жазды. Оның 13-бөлігіне дейін жарияладық. Ол көп адамдарға хат жазды. Сондықтан "Абсурдистанның" кей бөлімдері өзге адамдарда болуы мүмкін. Менде сақталған қалған бөлігі жарияланған жоқ. Бізге ол өлеңдерін хатпен жіберіп, компьютерге теріп, содан соң жариялауды сұрайтын. Ұзақ өлеңдерді компьютерге теруге маған марқұм Қазис Тоғызбаев және Бақтияр Аманжол, тағы да басқа адамдар көп көмектесті. Арон олардың бәріне ризашылығын білдірген еді.

Менде Аронның хатпен жіберген өлеңдері көп. "Проза.Ру" және "Стихи.Ру". сайттарына өлеңдері жарияланды. Арон Атабек туралы Азаттыққа жиі жазған Қазис Тоғызбаевтың да көмегі көп тиді. Ол Аронға қоғамның қалай қолдау көрсетіп отырғанын жазды. Аронның досы, композитор Бақтияр Аманжол да көп көмектесті. Ол бандерольмен сабын, сақал қырғыш секілді жеке гигиеналық заттарды үнемі салып отырды.

Азаттық: Арон Атабек шартты жазамен бостандыққа шығу мүмкіндігін неге пайдаланбады?

Бақытжан Төреғожина: Арон Атабек өзін толық ақтауды талап етті. 2018 жылы шартты жазамен бостандыққа шығуға құқығы бар еді. Шаңырақ ісі бойынша сотталған төрт адамның екеуі солай босап шықты. Арон өтініш беруден бас тартты, "мені мемлекет қалай қамаса, солай бостандыққа шығарсын" деді. Әрине, бұл күрделі талап болатын. Тағы бір айта кетерлік жайт, шартты жазамен босау үшін қылмыс кезінде жасалған шығының орнын толтыру керек. Бірнеше қоғам белсендісі жабалып "Шаңырақ оқиғасынан" келген 1 миллион 800 мың теңге шығынды өтеп берді. Арон сонда да шартты жазамен шығаруды сұрамады.

"АТАБЕК ШАРШАДЫМ ДЕГЕН ЕМЕС"

Азаттық: Арон Атабекке зейнетақы төлеуді талап етіпсіз?

Бақытжан Төреғожина: -Иә, 63 жасқа толған адамға зейнетақы берілуге тиіс. Бірақ ол үшін Аронның өзінің келісімі керек еді. Алайда ол "Назарбаевтан ештеңе алмаймын" деп зейнетақыдан да бас тартты. Батыста егер тұтқынның шартты жазамен шығатын уақыты болса, тұтқынның өзінен сұрамайды, бірден шығарып жібереді. Өйткені бостандыққа шығуы тиіс адамды бюджет есебінен ұстап отырмайды. Өкінішке қарай, бізде өтініш жазуды талап етеді, ал оны сотталған адам "кінәні мойындау" деп түсінеді. Сол себепті Макс Боқаев та (2016 жылы Жер митингілерінен кейін сотталған, былтыр қамаудан шыққан белсенді – Ред.) өтініш жазған жоқ. Батыс елдерінде 63 жасқа толған адамға ешбір өтінішсіз-ақ зейнетақы тағайындап, мемлекет шот ашады да зейнетақысын салады. Ал бізде міндетті түрде өтініш жазып, "маған зейнетақы беріңізші", "мені шартты жазамен босатыңызшы" деп өтінуі керек. Совет дәуіріне келе жатқан бұл тәсіл адамды қорлаумен тең.

Арон Атабектің күрес жолы: Желтоқсан, Мәскеу, Шаңырақ, түрме.
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:02 0:00

Азаттық: Арон Атабекті осынша жыл қорғауыңызға не себеп болды, онымен сөйлестіңіз бе, жеке көрдіңіз бе?

Бақытжан Төреғожина: Арон Атабекпен жеке таныстығым жоқ. Оны өмірімде бір рет қана, онда да 2006 жылы Шаңырақ оқиғасы кезінде алыстан көрдім. Осы оқиға кезінде полиция қызметкерінің өртенгенін көрдім, Арон Атабектің оған еш қатысы болған жоқ (Шаңырақ оқиғасы кезінде бір полицей қаз болған еді – Ред.). Полиция Арон Атабектің артқы жағында өртенді. Ол бұрылған кезде көрді де, пиджагын шешіп алып, өшіре бастады. Алыстан көргенім сол ғана болатын. Мен өзім қорғап жүрген адамдардың көпшілігін танымаймын. Себебі Қазақстанда адамның саяси құқықтары жиі бұзылады, саяси сенімі үшін қуғындалады. 2012 жылы Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімін алғаш рет жасадық. Сонда ең бірінші Арон Атабекті жаздық. Осы тізімдегі Макс Боқаев, Владимир Козловтар да елде саяси өзгеріс жасауға шақырғаны және саяси сенімі үшін сотталды. Мен осы саяси құқықтарды сақтау мәселесімен шұғылданамын. Конституция бойынша ел азаматтары бейбіт жиынға шығуға, ел үкіметіне заңды талап қоюға құқығы бар. Әлеуметттік теңдік, әділетті сайлау болуы, билік ауысып отыруы тиіс. Мен осы құқықтарды пайдалануға ұмтылатын, бірақ сол үшін мемлекет қуғындайтын адамдар мәселесімен айналысамын. Құқық қорғаушы ретінде оларға түрмеде отырғанда да қолдаймын. Өйткені олар бекерден-бекер бостандығынан айырылмағанын, тек өзінің құқығы үшін емес барлық адамның құқығы үшін күрескенін түсініп, түрмеде отырса да жұрт есінде барын білуі тиіс.

Құқық қорғаушы Елена Семенова мен Арон Атабек Павлодардағы изоляторда кездескен сәт. 26 шілде 2019 жыл
Құқық қорғаушы Елена Семенова мен Арон Атабек Павлодардағы изоляторда кездескен сәт. 26 шілде 2019 жыл

Азаттық: Арон Атабек бостандыққа шығып Алматыға келгенде көптеген белсенділер барды. Сіздің де барғыңыз келді ме?

Бақытжан Төреғожина: Көп адамдар Арон Атабек камерада бес жыл жалғыз отырды деп жазып жүр. Шынтуайтында ол 15 жыл жалғыз отырды. Арасында 1,5-2 ай ғана ауыстырды. Сондықтан ол бірден көп адаммен кездесуге әзір емес, психологиялық реабилитациядан өтуге тиіс деп есептедім. 15 жыл түрме ботқасын ғана жеген адамның үй тамағына үйрену де оңай емес қой, түсінесіз бе? Сондықтан ол көпшілікпен біртіндеп араласуы тиіс деп есептедім. Оның үстін коронавирус инфекциясы жұғуы мүмкін деп те қауіптендім. Өз-өзіне келген кездескім келді. Өкінішке қарай сәті түспеді, мен оны сол күйі көре алмадым.

Азаттық: Сізге жазған хаттарында "шаршадым" деген кезі болған жоқ па?

Бақытжан Төреғожина: Жоқ, шаршадым деген емес. Жалғыз-ақ жайт, оның бостандыққа шыққаннан кейін Азаттыққа берген сұқбатында айтқан сөздерін реквием деуге болады. Осы ретте Азаттыққа рақмет айтқым келеді. Азаттық оған арнайы барып сөйлесуге мүмкіндік тапты, көзі тірі кезінде соңғы сұқбатын алды. Сұқбатта айтқандары – Аронның соңғы сөздері. Ол өзінің кетіп бара жатқанын түсінді, "мен қазақтың самурайымын" деді. Мұндай сөзді кім айта алады? Ол – өте ақылды, энциклопедиялық білімі бар адам еді. Кітапханасы, интернеті жоқ түрмеде отырса да, жазған хаттарында 12 ғасырдағы, 17 ғасырдағы ақын-жазушылардан дәйексөздер келтіретін. Оның көл-көсір біліміне таңғалдым. Ол философиялық ұғымдары, ішкі адами құндылықтары тұрғысынан алғанда ірі тұлға, ар адамы болды.

Атабектің Азаттыққа берген соңғы сұхбаты:

Арон Атабек: Ауруханада он күн кісенделген күйі жаттым
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:16 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG