Accessibility links

Беларусь-Польша шекарасындағы 600 Ирак азаматы еліне қайтарылды


Минскіден Эрбилге ұшатын ұшаққа отырып жатқан Ирак мигранттары. 18 қараша 2021 жыл.
Минскіден Эрбилге ұшатын ұшаққа отырып жатқан Ирак мигранттары. 18 қараша 2021 жыл.

Бірнеше аптадан бері Беларусь пен Польша шекарасында тұрған шамамен 600 Ирак азаматы 26 қарашада үйлеріне оралады. Бұл жөнінде Ирак үкіметі мен Күрдістан автономиялық аймағының билігі хабарлады.

Басым бөлігі күрдтерден құралған жүздеген Ирак азаматы өткен аптада Беларусьтен қатынайтын алғашқы рейспен отанына оралған. Беларусь пен Еуроодақ текетіресіп жатқан шақта Ирактың мыңдаған азаматы шекарада палатка құрып, одақ аумағына өтуге тырысқан.

Ирак сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ахмед ас-Сахафтың айтуынша, 617 адам Беларусь астанасы Минскіден Iraqi Airways әуе компаниясының екі ұшағымен өз еркімен еліне оралады. Екі ұшақ та 26 қарашада Күрдістанның әкімшілік орталығы Эрбилге қонады. Бұл жөнінде Ирак үкіметінің аймақтағы бөлімшесінің ресми өкілі Жотиар Әділ хабарлады.

18 қарашада Iraqi Airways әуе компаниясының ұшағымен Минскіден 431 мигрант ұшып келген. Ұшақ бірінші Эрбилге қонып, кейін Бағдатқа ұшқан.

Кейінгі айларда Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Африкадан шыққан мыңдаған мигрант Еуроодаққа мүше Польша, Латвия және Литваның аймағына Беларусь арқылы заңсыз кіруге әрекет еткен. Еуроодақ бұған Беларусь президенті Александр Лукашенконы кінәлады, мұны былтыр президент сайлауынан кейін енгізілген санкциялар үшін Брюссельден өш алу деп есептейді. Минск мұны жоққа шығарады.

Польша мигранттар ағынын тоқтату үшін шекарадағы қауіпсіздікті күшейткен. Ал құқық қорғау топтары оның әрекетін сынаған. Варшаваның мәлімдеуінше, Беларусьпен шекарадағы мигранттардың одақ аумағына заңсыз өту талпынысы әлі тоқтамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG