26 қарашада Атырауда бір топ белсенді Иманғали мешітіне барып, екі күн бұрын ауруханада қайтыс болған диссидент, ақын Арон Атабектің рухына арнап құран бағыштады.
Жұмаға қарамастан мешітке кіретін қақпалардың барлығы шынжырмен байланып, құлыптанған. Белсенділер басқа күнді былай қойғанда жұмада мешіттің сыртқы қақпаларының үнемі ашық тұратынын, әр қақпаның алдында топырлап қайыр сұрағандар тұратынын айтып жатты. Мешіт ауласын қарапайым киінген бірнеше адам бақылап жүрді.
Атырау қалалық орталық мешітінің наиб имамы Арман Исаев жылдам дұға оқып, жұма намазының уақыты жақындап қалғанын ескертті.
Мешіттен соң белсенілер Исатай Махамбет атындағы орталық алаңға жиналып, Арон Атабектің қазасы туралы айтып, мәйітке жасалған сараптаманың әділдігін талап ететіндерін айтты. Олардың кейбірі ақынның өліміне билік кінәлі деп санайды.
– Жылдар бойы түрмеде азаптап, әбден халі біткенде шығарды. Жай жағдайда емес, түсінген адамға өлетініне кепілдік беріп шығарды. Желіден Аронның тобығы үстіндегі түсініксіз капсула туралы оқыдық. Тәуелсіз сараптама жасалсын, соны талап етеміз, - деді азаматтық белсенді Бекболат Мұхамбетқалиев.
Оның сөзін қоштаған Қасым Қожантаев та "Аронның қазасына бәріміз де кінәліміз деп санаймын" деді.
68 жастағы диссидент, ақын Арон Атабек 24 қарашада Алматы қаласындағы ауруханада көз жұмған. 26 қарашада оның денесі жер қойнына тапсырылды.
Диссидент "Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған. Ол 1 қазанда денсаулығына байланысты қамаудан босатылған. Атабек өзіне тағылған айыппен келіспей, жылдар бойы толық ақтауды талап еткен. Ол түрмеде шыққаннан кейін бір топ белсенді мен саясаткер Арон Атабекті қорғау комитетін құрып, халықаралық сотқа шағымданып, Арон Атабектің ісін қайта қарауға қол жеткізуге күш салатынын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.
ПІКІРЛЕР