27 қарашада ақтөбелік Ольга Смирнова қалалық мәдениет үйі алдындағы алаңда рұқсат етілген жалғыз адамдық пикет өткізді. Жарнама саласының қызметкері Смирнова Қазақстан әйелдері зейнет демалысына қазіргідей 63 емес, 58 жасында шығуы тиіс деп санайды.
Ольга Смирнованың өзі биыл 57 жаста. Соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп жүргенін айтқан ол өзін «әйелдердің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалыс мүшесімін» деп таныстырды. Айтуынша, бұл қозғалысты Қазақстанның бірнеше қаласында тұратын жүздеген әйел қолдап отыр. Ресми тіркелмеген қозғалыс мүшелері осыған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пикет өткізіп, «Зейнетақы туралы» заңға өзгеріс енгізуді талап еткен.
- Тап осындай пикетті желтоқсан айында да өткізуді жоспарлап отырмын. Билік бұл мәселеге түбінде бір назар аударады деп сенемін. Бұл жалғыз менің проблемам емес, бүкіл қазақстандықтардың проблемасы. Ресми статистикаға сүйенер болсақ, 2019 жылы өз-өзіне қол салғандардың 3,3 пайызы 54 пен 59 жас аралығындағы әйелдер болған. Ал 2020 жылы суицид жасағандардың 5,7 пайызы осы жастағы әйелдер екен. Оның себебі, жасы елуден асқан әйелді ешкім жұмысқа алмайды. Егер ол жалғызбасты әйел болса, тіпті қиын, - дейді Ольга Смирнова.
Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын төмендетуді қолдайтын қозғалыс өкілдерінің президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған онлайн петициясына 157 мыңнан астам адам қол қойған. Петицияны қолдаушылар «Әйелдер зейнет демалысына – 58 жасында, ал мүгедек баласы бар әйелдер 55 жасында шығуы тиіс» деп санайды.
Жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Ольга Смирнованың жанынан өтіп бара жатқан ақтөбелік Любовь Әлиева зейнет демалысына шыққалы төрт қабырғаға қамалып, ауру-сырқауы көбейіп кеткенін айтады. Өмір бойы мұғалім болған Любовь Әлиева зейнетақы мөлшеріне де разы емес. «Бүйткенше жұмыста жүре бергенім жақсы еді» деген ол Ольга Смирнованы қолдамайтынын айтты.
Ольга Смирнова өткізген жалғыз адамдық пикетті қарапайым киінген бірнеше адам сырттай бақылып, видеоға түсіріп тұрды. Смирнованың сөзінше, пикет алдында желідегі белсенділігі күрт артқан оны Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі мен прокурорлар шақырып алып, ескерту жасаған.
Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі «Смирноваға пикет өткізу заңдылықтарын түсіндіргенбіз» дейді.
Ольга Смирнова әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткен алғашқы пикетіне сырт киімінің қалтасын тігіп тастап, қызын ертіп, талабын қазақ және орыс тілінде плакатқа жазып, тастүйін дайындықпен келген. Онысын «Бақылаушы, құқық қорғаушы органдар тарапынан арандатушылар шығып, қалтама бірдеңе салып жіберер деп қорықтым. Арандатушылар рұқсат етілген пикетті заңсыз митингіге айналдырып жіберуі де мүмкін» деп түсіндірді.
Қазақстанда 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестіріле бастаған. Заңға сәйкес, 2027 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын жарты жылдан көбейеді. Бұрын әйелдер 58 жаста шықса, енді 63 жаста шығатын болады. Ал ерлер зейнетке бұрынғыша 63 жаста зейнетке шығады.
ПІКІРЛЕР