28 қарашада Алматыда Абай ескерткішінің маңына Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының өкілдері жиналып, бірнеше күн бұрын қайтыс болған диссидент, ақын Арон Атабекті еске алды.
Белсенділер Арон Атабектің өлеңдерін оқып, "Шаңырақ ісін" қайта қарауды талап етті. Митингіге Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан, азаматтық белсенді, "Нұр Отан" партиясын сынағаны үшін қудаланған Әлнұр Илияшев те келді. Айдана Айдархан әкесі дамуына үлес қосқан демократия үшін күресті жалғастыруға шақырды.
Әкімдік өкілдері келіп, шараның заңсыз екенін ескерткен. Шараға жастардан бөлек, ересек буын өкілдері де келген.
"Біз, Oyan, Qazaqstan мүшелері ақынның өліміне толығымен билік кінәлі деп санаймыз. Олар Аронға заңсыз үкім шығарып, түрмеге отырғызды. Атабектің денсаулығының нашарлап, көз жұмғанына жауапты. Арон Атабек өмірінің соңына дейін өз принциптеріне адал болып қалды. Рақымшылыққа келіспей, бірде-бір рет Назарбаевтан кешірім сұраған жоқ. Біз үшін ол мұқалмас қазақ самурайы болып қала береді" делінген бұған дейін таратылған қозғалыс мәлімдемесінде.
Ақпаратқа қарағанда, акция соңына қарай белсенділер Абай ескерткішінің алдына Атабектің суреті мен гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіз тұрды.
68 жастағы диссидент, ақын Арон Атабек 24 қарашада Алматы қаласындағы ауруханада көз жұмған. 26 қарашада оның денесі жер қойнына тапсырылды.
Диссидент "Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған. Ол 1 қазанда денсаулығына байланысты қамаудан босатылған. Атабек өзіне тағылған айыппен келіспей, жылдар бойы толық ақтауды талап еткен. Ол түрмеде шыққаннан кейін бір топ белсенді мен саясаткер Арон Атабекті қорғау комитетін құрып, халықаралық сотқа шағымданып, Арон Атабектің ісін қайта қарауға қол жеткізуге күш салатынын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.
ПІКІРЛЕР