Accessibility links

"Қазақстан да қауіпті ел". Шыңжаңнан қашқандарды Нұр-Сұлтан неге қорғай алмайды?


Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.
Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына іздеу салып, пикет өткізіп тұрған адамдар. 9 ақпан 2021 жыл.

Шыңжандағы қысымнан қашқандар Қазақстанда бас сауғалағанымен, бұл елді де қауіп көреді. Қытайдан қорыққан қазақтар мен ұйғырлар Қазақстанда ұзақ тұрақтамай Еуропа, Түркия, АҚШ-қа кетудің жолын іздейді. Сарапшылар Қазақстан Қытайдың ықпалынан сескеніп, Шыңжаңнан қашқандарды толық қорғай алмай отыр деп санайды.

Шыңжаңдағы лагерьде отырдым деген ұйғыр Гүлбаһар Жәлелова қазір бас сауғалап Түркияның Стамбұл қаласында жүр. Қазақстанда туған әйел Шыңжаңдағы лагерьден шыққан соң туған жеріне оралғанымен мұнда қауіпсіздігіне алаңдап Түркияға кетуге мәжбүр болған. "Туған жеріңізде қалудан неге қорықтыңыз?" деген сауалыма Гүлбаһар "Қазақстан бізді қорғай алмайды" деп жауап берді.

– Алматы облысы Ұйғыр ауданында туғанмын. 2017 жылы сауда-саттықпен Үрімжі қаласына барғанымда қытай сақшылары қонақ үйден алып кетіп, қолымдағы Қазақстан азаматтығын растайтын паспортты жойып, орнына "Қытай азаматы" дейтін жалған куәлік берді. Лагерьде салмағы бес келі болатын кісенмен бес ай жүрдім (кейіпкеріміздің айтқан сөзін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмады – ред.). Қазақстанда қалуға қорықтым. Өйткені мені босатқан кезде Қытай сақшылары көргеніңді айтсаң сені қай жерде болсаң да тауып аламыз деген еді. Сондықтан бала-шағам мен туыстарымды тастап, Түркияға кетіп қалдым, – дейді ол.

Тұрсынай Зияудун мен күйеуі Қалмырза Халықұлы дастархан басында. Шелек ауылы, Алматы облысы. 20 ақпан 2020 ж.
Тұрсынай Зияудун мен күйеуі Қалмырза Халықұлы дастархан басында. Шелек ауылы, Алматы облысы. 20 ақпан 2020 ж.

Ал 2019 жылы Шыңжаңдағы лагерьден шыққан соң Қазақстандағы отбасына оралған ұйғыр әйел Тұрсынай Зияудун қазір АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып жатыр. Ол да Қазақстаннан азаматтық ала алмағанын айтады. Тұрсынай Қазақстанда тұрып жатқанда белгісіз біреулер үйінің ауласындағы қорасын өртеп кеткен еді. Осы оқиғадан біраз уақыт өткен соң ол АҚШ-қа қоныс аударды.

– Қытайдың қылмысын ашқандар үшін Қазақстан қауіпті ел. Қазақстан билігі ондай азаматтарды ешқашан да қорғап қала алмайды, – дейді ол.

"Шыңжаңдағы лагерьде жазықсыз 15 ай отырдым, мені мәжбүрлеп жұмысқа жекті" деген қазақ Гүлзира Әуелхан да Қазақстаннан кетіп, қазір АҚШ-та тұрып жатыр.

"ТҮРКИЯҒА КЕТУДЕН БАСҚА ЖОЛ ЖОҚ"

Павлодарда тұрып жатқан Қытай тумасы, ұлты ұйғыр Әбілқасым Сымайыл қазір Түркияға кетудің амалын қарастырып жүр. Павлодардағы дәмханалардың бірінде әйелімен бірге аспаз болып жүрген Әбілқасым биыл 10 қазанда Нұр-Сұлтан полиция депаратменті көші-қон қызметінен ықтиярхаттының күші жойылғанын білген.

Оның қолында Нұр-Сұлтан көші-қон қызметінің Павлодар қаласы көші-қон бөлімшесіне жіберген хатының көшірмесі бар. Хатта "Нұр-Сұлтандағы көші-қон қызметі Сымайыл Әбілқасымға уақыты өтіп кеткен визамен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат бергені анықталды. Нұр-Сұлтан полиция департаменті көші-қон қызметі және аудандық бөлімінің кінәлі қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Соған байланысты 2020 жылы 23 желтоқсанда берілген ықтиярхаттың күшін жою туралы шешім қабылданған" деп жазылған.

– Ешқандай заңсыздық жасаған жоқпын. Маған "бұл құжатты кім алып берді, қалай алдың?" дейді. Бір жігіттердің кеңесімен құжаттарымды астанаға апарып өткіздім, сол жерден рұқсат алдым. Маған визаңның уақыты өтіп кетіпті деп ешкім ескерткен жоқ. Өздері берді, өздері тартып алды. Енді "Қазақстаннан кет" деп жатыр. Қытайға қайтып бара алмаймын. Барсам мені соттап не өлтіріп тастауы мүмкін. Төрт жылдан бері ол жақтағы туған-туыстарыммен де сөйлесе алмаймын. Бала-шағам мен әйелім – Қырғызстан азаматы, балаларым сол жақта. Бірақ Қырғызстан мені жолатқысы келмейді. Енді маған Түркияға кетуден басқа жол жоқ, – дейді ол.

Көші-қон қызметі Әбілқасым Сымайылға 10 желтоқсанға дейін Қазақстаннан шығып кетуді ескерткен. Павлодар қаласы көші-қон қызметінің аты-жөнін атамаған қызметкері Азаттыққа "біз астанадан түскен бұйрықты ғана орындадық, қалғанын сол жақтан сұраңыз" деп қысқа қайырды. Ал ІІМ Азаттық жіберген ресми сауалға әлі жауап берген жоқ.

"ШЫҢЖАҢНАН ҚАШҚАНДАР ҮШІН ҚАЗАҚСТАН – УАҚЫТША БЕКЕТ"

Шыңжаңнан келгендерге құқықтық көмек көрсетіп жүрген "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының жетекшісі Айна Шорманбаева Қазақстан Қытайдан қорыққандарға қорған бола алмай отырғанына алаңдайды.

– Шыңжандағы жағдай бүкіл әлемге мәлім. Ондағы саясатты адамзатқа қарсы геноцид деп атап жүр. Қытайдан Қазақстанға келгендердің өзі қауіптеніп, басқа бір қауіпсіз ел іздейді. Көбіне Қазақстан арқылы Түркия мен АҚШ-қа кетеді, – дейді заңгер.

Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюроның босқындар мәселесі бойынша заңгері Гүлмира Қуатбекова Қытай қысымынан қашқандардың Қазақстанды уақытша тұратын бекет ретінде есептеп, елден кетуіне бірнеше себеп бар деп санайды.

Заңгер Гүлмира Қуатбекова.
Заңгер Гүлмира Қуатбекова.

– Президент Тоқаевтың "халықаралық ұйымдардың Қытайдағы мұсылмандарға қысым көріп жатқаны туралы ақпараттары шындыққа жанаспайды" деуі де біздің биліктің негізгі ұстанымын ашық аңғартады. Екіншіден, ұлты қазақ бола тұра Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін ала алмай, Еуропадан пана табуын көріп-біліп отырған адам өзін Қазақстанда қалайша қауіпсіз сезіне алады? Үшіншіден, он жыл бұрын шыңжаңдық ұйғыр Аршидин Исраилді Қытайға экстрадициялаған соң-ақ Қазақстанның ұстанымы анық болған, – дейді заңгер.

Аршидин Исраил 2009 жылы Үрімжіде болған студенттер көтерілісінен кейін Қазақстанға келіп, саяси баспана сұраған. Бірақ Қазақстан билігі Пекиннің сұратуымен 2011 жылы оны Қытайға кері қайтарған еді.

Қуатбекова Шыңжаңдағы қысымнан Қазақстанға қашып келген ұйғырлардан бөлек Қазақстанда уақытша босқын мәртебесін алған қазақтар да қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтады.

"БЕЛГІСІЗ АДАМДАРДЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА ЖҮРЕМІЗ"

Шыңжаңнан қашып келіп, Қазақстаннан уақытша босқын мәртебесін алған қазақтар Мұрагер Әлімұлы, Қайша Ақан, Қастер Мұсаханұлы және Бағашар Мәлікұлы да мүмкіндік болса елден кетуді ойластырып жүр. Олар Қазақстан азаматтығын ала алмаған соң Нұр-Сұлтаннан үшінші елге шығып кетуге рұқсат сұраған. Мәселен, Қайша Ақан қауіпсіздігіне алаңдап, Қазақстаннан басқа елге кетуге үшін ІІМ-ге үш рет өтініш жазғанын айтады.

– Заң бойынша, үшінші елге көшуге, қоныс аударуға құқығымыз бар. Біз үнемі белгісіз адамдардың бақылауында жүреміз. Мен астанаға кеткенде белгісіз екі адам Алматыдағы үйімізге кірген. Оны күйеуім ұстап алған. Мені ұрып та кетті. Қазақстанға келгелі үш жылдан асты. Ауырып қалсам тегін дәрігерлік көмек ала алмаймын. Осыдан соң үшінші елге кетуге тәуекел еттім. Ал берген өтінішіме ішкі істер министрлігі "заң бойынша жол жүру билеті әлі дайын емес. 2022 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асады" деп жауап берді. Биыл 30 қыркүйекте босқын мәртебесін тағы бір жылға ұзартып берді. Сол кезде де үшінші елге кетуді айттым, бірақ әлі нақты бір жауап жоқ, – дейді Қайша Ақан.

Ішкі істер министрлігіне азаматтық пен жол жүру куәлігін сұрап барған Мұрагер Әлімұлы (сол жақтан екінші), Қастер Мұсаханұлы (сол жақтан үшінші) және Қайша Ақан (оң жақта).
Ішкі істер министрлігіне азаматтық пен жол жүру куәлігін сұрап барған Мұрагер Әлімұлы (сол жақтан екінші), Қастер Мұсаханұлы (сол жақтан үшінші) және Қайша Ақан (оң жақта).

Қаңтардың басында Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлын белгісіз біреулер соққыға жыққан еді. Олар "мұны Қытайдағы қысымды айтқанымыз үшін жасады" деп санайды.

Кейінгі жылдары Қытайдағы қазақтар мәселесімен үздіксіз айналысып жүрген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Ербол Дәулетбек те Шыңжаңнан қашып келгендер үшін Қазақстанда қалу қауіпті деп отыр.

– Лагерьде болып келгендердің көбі – Қытайдың қылмысын ашқандар. Олар Қазақстанда тұра алмайды. Олар Қазақстанда тыныш өмір сүру үшін ар жақтағы көргендері мен басынан өткізгендерін ешкімге айтпауы керек. Ал айтқандарды тыныш жүргізбейді. Өйткені Қытайдың қолы ұзын. Екіншіден, Қазақстанда босқын мәртебесін алғанның өзінде экономикалық және медициналық тұрғыдан қорғалмаған, – дейді ол.

Ал заңгер Есбол Өміржанов "Қытай мен Қазақстан арасында күдіктілерді алмасу келісімі" барын айтады. Оның сөзінше, 1996 жылы жасасқан шартқа сай, екі ел кемі бір жылға сотталған я ауыр жазаға кесілген адамды бір-біріне кері қайтаруға міндетті.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз байланыстарды ескеріп, Қытай Қазақстанда жүрген адамды тез тауып алады. Яғни, Шыңжаңнан қашып келген адамның Қытай арнайы қызметтерінен Қазақстанда жасырынуы мүмкін емес, – дейді заңгер.

"ҚАЗАҚСТАН ҚЫТАЙДЫҢ ҚЫСЫМЫНАН ҚОРҚАДЫ"

Қоғам белсендісі, ұлты ұйғыр Қаһарман Қожамбердиев Шыңжаңнан қашқандардың Қазақстаннан кетуіне Қытайдың ықпалы әсер етіп отыр деп санайды. Оның пайымдауынша, Қазақстан Қытайдың талабын орындауға мәжбүр.

– Қытай Қазақстанды кез келген уақытта экономикалық жағынан қысып, өз талабын орындата алады. [Қазақстан] Қытайда тұратын қазақтарды да қорғауы керек. Сондықтан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін саясат ұстануға тырысады. Егер [Қытай] талап етсе, [Қазақстан] Шыңжаңнан қысым көріп қашып келгендерді кері қайтаруға да мәжбүр болады. Сондықтан да Тұрсынай Зияудун, Гүлбаһар Жәлеловалар еріксіз басқа бір қауіпсіз мемлекетте бас сауғалап жүр, – дейді Қожамбердиев.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали де Қазақстанның Шыңжаннан қашқандар үшін қауіпсіз мемлекет ретінде саналмауын Қытай тарапынан жасалатын геосаяси және экономикалық қысымнан деп біледі.

– Экономикалық-геосаяси ықпалы жағынан Қытай – әлемдегі АҚШ-тан кейінгі алып мемлекет. Сондықтан Қытаймен қарсыласу біздің биліктің қолынан келмейді. Қазақстанның сенімді одақтасы жоқ және өз-өзіне әскери сенімі жоқ. Сондықтан да Қытай тарапынан жасалатын саяси, геосаяси және экономикалық қысымнан қорқады, – дейді саясаттанушы.

Ұйғыр ұлтының өкілдері Қытай билігінің Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатына наразылық акциясында тұр. Стамбұл, Түркия, 1 қазан 2021 ж.
Ұйғыр ұлтының өкілдері Қытай билігінің Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатына наразылық акциясында тұр. Стамбұл, Түркия, 1 қазан 2021 ж.

Шыңжаң өлкесінде ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік билік қысым көрсетіп, лагерьге қамап жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған еді. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьде бір миллионға жуық мұсылман отыруы мүмкін деп мәлімдеген.

Пекин басында бұл деректерді үзілді-кесілді жоққа шығарып келген. Бірақ кейін халықаралық қысым күшейген соң лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіп меңгеру орталықтары" деп сипаттаған. Ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атап, осы саясатының арқасында Шыңжаңда тыныштық орнағанын айтқан.

2020 жылы жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді стерилизация процедурасынан өтуге не контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған. Лагерьде отырып шыққандар онда әйелдерді зорлайтынын, ерлерді қинайтынын айтқан.

АҚШ конгресі мен Ұлыбритания, Канада, Чехия парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын геноцид деп атайды. Пекин бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдай – Қытайдың ішкі саясаты" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG