Бүгін, 29 қарашада Алматыдағы Қытай консулдығының алдына Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп келген алты адамды Медеу аудандық полициясы күшпен әкетті. Оларды полицияның арнайы автобусына отырғызып жатқан сәт белсенді Байболат Күнболатұлының Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
Ұсталғандардың бірі Гүлфия Қазыбектің айтуынша, полиция күшпен әкеткендер ішінде Байболат Күнболатұлы, Халида Ақытхан, Жәмила Мәкен, Гауһар Құрманалиева және Нұрзат Ермекбай бар.
-Мені жедел жәрдем көлігімен Қалқаман ықшам ауданындағы №7 ауруханаға алып бара жатыр. Полиция біздің келетінімізді біліп, дайындалып тұр екен. Мәшинеден түсісімен күштеп мінгізді. Олар күшке салғанда қолым қайырылып қалды. Бас бармағымды қатты ауырсынып отырмын, Медеу аудандық полиция ғимаратына дәрігер шақыртты,- дейді Гүлфия Қазыбек.
Оның сөзінше, полиция ұсталғандардың барлығының телефондарын жинап алған.
Биыл ақпан айынан бастап Қазақстандағы Қытай консулдығының алдында тұрақты наразылық шарасын ұйымдастырып келе жатқан бұл азаматтарды 26 қараша күні Медеу аудандық полициясы күні бойы бөлімшеде ұстап, ескертумен босатқан болатын.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен бір топ адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 25 қарашада олардың акция өткізгеніне 291 күн болды. Туыстарына араша сұраған жандар биыл қазанда астанаға барып, онда да наразылық білдіріп, полиция қудалауына ұшыраған.
Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болған.
9 айдан астам уақытқа созылған акция кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
- Наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
- Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР