Түркістан облысы Келес ауданы Ұшқын ауылында 4 адам газдан қайтыс болды. Олардың біреуі – 4 жасар сәби. Бұл жөнінде 29 қарашада Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Қайғылы оқиға туралы хабар 28 қараша күні түсте келген. Үш бөлмелі үйден 4 адамның мәйіті табылған. Біреуі – 4 жасар сәби.
- Қайтыс болған екі адам Ұшқын ауылының тұрғыны. Екеуі – Шардара ауданынан қонаққа келген. Қазір оқиға орнында тергеушілер жүр, - деді Ұшқын ауылы округінің әкімі Ғалымжан Байдосов.
Қонаққа келген 49 және 47 жастағы екі ағайын жігіт Шардара ауданы Қоссейіт ауылынан Ұшқын ауылына ағасының асын беруге келген. Қайғылы оқиға болған үйде газға арналған, қолдан жасалған темір пеш болған.
Полиция қайғылы оқиға себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындаған.
Қазақстанда әсіресе от жағу маусымы басталған кезде газдан улану, ыс тию, газ баллоны жарылысынан болатын кісі өлімі жиі кездеседі.
Биыл қарашаның 16-сына Ақмола облысы Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 13 адам зардап шеккен, 5 адам қайтыс болған. Бесеудің үшеуі сәбилер.
2018 жылы қарашада Түркістан облысында бір тәулікте бес адам иіс тиіп қайтыс болып, бес адам ауруханаға түскен. 2019 жылы ақпанда Түркістан облысы Келес ауданында бір отбасының төрт адамы ыс тиіп, қайтыс болған. Билы, 2021 жылы ақпанда Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде табиғи газдан уланып, бес адам қаза болған.
Шетелге газ экспорттайтын Қазақстанда әлі күнге газдандырылмаған елдімекендер жиі кездеседі.
ПІКІРЛЕР