Accessibility links

Алматы әкімдігі келер жылдың 8 наурызында "әйелдер маршын" өткізуге рұқсат бермеді


Феминист топтар ұйымдастырған әйелдер құқығына арналған марш. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.
Феминист топтар ұйымдастырған әйелдер құқығына арналған марш. Алматы, 8 наурыз 2020 жыл.

Алматы әкімдігі фем-белсенділердің 2022 жылғы 8 наурызда әйел құқықтары бойынша марш және митинг өткізу туралы өтінішіне келісім бермеді. Бұл туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тарап, кейін оны марш ұйымдастырушыларының өздері растады.

"Әкімдіктің хабарлауынша, 2022 жылғы 8 наурызда Шоқан Уәлиханов алаңында және Шевченко көшесінің бойында таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін бұрыннан жоспарланған "мәдени-көпшілік және ойын-сауық шаралары" өтеді екен. Ұйымдастырушылар әкімдіктің мұндай шараны жоспарлап жатқанын қайдан анықтай алатынын биліктегілер айтпады. Митинг өткізу туралы хабарлама мен марш өткізу туралы өтініш бергенге дейін әкімдіктің 8 наурызға мұндай шара жоспарлап жатқаны туралы ешқандай ақпарат еш жерде жарияланбаған" делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде.

Бұған қоса олар "әңгімелесу үшін" әкімдікке шақыртылғандарын" айтты.

"Кездесуде ұйымдастырушыларға эпидемия ахуалына байланысты жоспарды қайта қарауды қатты ескертті. Бұған қоса олар "тұрғындардың көпшілігінің сұрауы бойынша" қала мәслихаты желтоқсаннан бастап Алматыда шеру маршрутын өзгерткелі жатқанын, енді ұзындығы 4 километр болатын Шевченко көшесінің орнына Қонаев көшесінің 800 метр бөлігі таңдалатынын айтты" деп жазады ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, билік өкілдері марш өткізу туралы өтінішті қайтарып алуды сұраған. Ал ұйымдастырушылар өтінішті қайтармай, оның орнына биылғы 12 желтоқсанда әйел құқықтары бойынша митинг өткізу жөнінде хабарлама қалдырған.

"Әкімдік өз шараларын өткізу үшін көшелер мен гүлзарларды бізден тартып ала алмайды. Онсыз да олардың қолында бүкіл қала бар. Бейбіт жиын – билік өткізетін мәдени-көпшілік шара емес, азаматтардың жиыны. Біз 8 наурызда митинг және марш өткізу құқығы үшін күресе береміз" деді ұйымдастырушылар.

Азаттық тілшісі Алматы әкімдігі өкілімен хабарласа алмады.

Биыл 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні жүздеген адам гендерлік теңдікті талап етіп, Алматыда марш өткізді. "ҚазФем", "Феминита", "Фемагора", "Фемсреда" ұйымдары және "Свет" қоғамдық қоры "Қазақстанды феминизм сақтап қалады" деген ұранмен өткізген маршқа жұрт елдің әр түкпірінен келіп қатысты. Азаттық осы шара туралы фильм түсірді.

Qyzdar. Қазақстандағы теңдік үшін күрес
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:00 0:00

Алматыдағы гендерлік теңдікті жақтаған марш әлеуметтік желіде үлкен талқыға ұласты. Тұрмыстағы зорлық, әйелдердің тең құқығы, ЛГБТ-қауымын дискриминациядан қорғау мақсаттарын көздеген шараға қарсы болған жұрт олардың ұрандары елдің "ұлттық құндылықтарына" қайшы екенін айтты.

Фем-белсенділердің айтуынша, Қазақстанда әйел құқықтары қорғалмаған ал ол мәселелерді айтып, митинг, шеру өткізу тіпті қиын. Биыл мамырда "Феминита" тобының негізін қалаған Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваның Шымкенттегі лесбиян, бисексуал және трансгендер адамдардың құқықтарына арналған кездесуі кезінде әлдекімдер жиын болып жатқан жерге басып кірген соң, полиция ұйымдастырушыларды ұстап әкеткен. Шілдеде агрессивті адамдардың кесірінен Қарағандыда өтіп жатқан дәл осындай жиын соңына жетпей тоқтаған. 8 тамызда Ақтөбеде жүз шақты адам жиналып, "ЛГБТ өкілдерінің облыс орталығына келіп, жиын өткізуіне" қарсылық білдірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG